Сүйемін туған тілді– анам тілін
Тіл – қай ұлтта, қай елде болса да қастерлі, құдіретті. Әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп қалыптасады. Тіл байлығы – әрбір елдің ұлттық мақтанышы. Ол – атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұрамыз. Демек, әрбір адам ана тілін көзінің қарашығындай қорғауға, оның орынсыз шұбарлануына жол бермеуі керек.
Мемлекеттік тіл мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық салаларында қолданылатын тіл болғандықтан, жүргізілетін барлық іс-қағаздары мен құжаттар мемлекеттік тілде болуы тиіс. Өйткені, өркениетке құлаш ұратын елдің өрісі қашанда білікті де саналы ұрпақпен кеңеймек. Әлемдегі мүйізі қарағайдай елдердің санатына енуді көздеген халықтың басты мақсаты да – сауатты ұрпақ тәрбиелеу. Сауатты ұрпақ тәрбиелеу дегеніміз – өз ана тілінде еркін сөйлей алатын, оны терең меңгерген ұрпақ.
Елбасымыз Н.Назарбаев: «Қазақ тілі – ғажап тіл. Оның болашағы да ғажап. Тек қана оны насихаттай білуіміз керек» деген еді. Осы тұрғыдан келгенде, ана тілімізге деген құрметті нығайта отырып, жастарымыздың өзге тілді үйренуіне мүмкіндік жасау – уақыт талабы. Қазақ елі барда қазақ тілі де жасай беретіні даусыз. Тек қана үштұғырлы тілді еркін меңгерген ұрпақтың Отанға деген патриоттық сезімі мен ана тіліне деген сүйіспеншілігі бәрінен де маңызды болмақ. Ана тіліміз – осы үш тілдің біріншісі, негізгісі бола бермек.
Бүгінгі таңда осы тілге деген құрмет те, талап та ұшан-теңіз. Осы орайда қазақ тілін түбегейлі жан-жақты меңгерту, тіліміздің беделін, қажеттілігін арттыру мақсатында әзірленген арнайы бағдарламалар, оқытудың жоғары деңгейіндегі сапалы әдістемелік құралдары, жаңа техникалық құралдарды қолдану өз жалғасын табуда. Әр мемлекеттік мекемелерде мемлекеттік тілді оқып-үйрену курсы ашылып, қазақ тілін білмейтін өзге ұлт өкілдері мен тілге шорқақ қаракөздерімізге дәріс беру жалғасын табуда.
Бүгінгі мемлекеттік тіліміздің ие болып отырған мәртебесін біржола орнықтыру, туған тілді одан әрі көркейтіп дамыту, ұрпақтарымыз үлгі алатындай ұрпақ тәрбиелеу. Тілін сақтай алған ел өзін, елінің ертеңі мен болашағын сақтап қалады. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген атамыз қазақ. Ал, қазақтың бесігі қашанда байтақ жері мен дархан елі, алтын сөздері мен мағыналы жырлары. Асыл қасиеттерімізді сақтап, дамытып, танытып келе жатқан ұлы күш қазақтың тілі екенін әркез жадымызда сақтайық.
Жаһанда адаспай, өркениет көшінен лайықты орын алайық десек, алдымен ана тілімізді ардақтай білейік. Ұлы көшке ұлттық болмысымызбен қосылуымыз керек.
А.Бөгенбаева,
Ақтоғай ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы.