«Сұрақ-жауап»: жеке тұлғалардың банкроттығы жөнінде нені білу маңызды  

 «Сұрақ-жауап»: жеке тұлғалардың банкроттығы жөнінде нені білу маңызды  

 

Банкроттық рәсімдері шеңберінде кредитормен өзінің қарыздары бойынша берешекті қалайша реттеу жөнінде, Fingramota.kz-ке «Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы» ЗТБ құқықтық мәселелер жөніндегі басқарушы директоры Назар Рахимов Instagram-да тікелей эфир барысында айтып берді.

 

 

Банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімдері жөнінде толығырақ айтып беріңізші, оларды кім қолдана алады?

 

2023 жылғы 3 наурызда Президент өткен жылғы 30 желтоқсанда қол қойған «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» ҚР Заңы (бұдан әрі – Банкроттық туралы заң) күшіне енді. Осы Заңның ережелері борышкерлермен қатар  кредиторлардың да мүдделерін ескереді, осылайша екі тараптың мүдделерінің тепе-теңдігі сақталады.

Егер заңды неғұрлым егжей-тегжейлі қарастыратын болсақ, ондағы рәсімдерге сәйкес, борышкерлер өздерінің қаржылық міндеттемелерінен тек банктер мен микроқаржы ұйымдарының алдында ғана емес, сондай-ақ басқа кредиторлардың алдында да босай алады.

Бірінші рәсім – соттан тыс банкроттық шеңберінде азаматтар банктерге, микроқаржы ұйымдарына және коллекторлық агенттіктерге қатысты қарыздарын есептен шығару жөнінде өтініш бере алады. Алайда, бұл жерде мұндай рәсімді қолында мүлкі жоқ адамдар пайдалана алатыны және олардың жиынтық кредиттік міндеттемелері 1600 АЕК-тен аспау керектігі жөнінде айта кеткен жөн, бүгінгі күні ол 5 520 000 теңгені құрайды. Сондай-ақ, міндетті талап — қатарынан 12 ай өз міндеттемелерін өтемеу болып табылады.

Екінші рәсім – сот банкроттығы. Бұған 1600 АЕК шекті мәннен асатын сомаға міндеттемелері бар барлық борышкерлер кіреді. Бұл өлшемге сәйкес келетін азаматтар тіркелген жері бойынша сотқа банкроттыққа өтініш бере алады.

Үшінші рәсім «төлем қабілеттілігін қалпына келтіру» деп аталады және одан өткен борышкер банкрот деп танылмайды. Бұл ретте мұндай рәсімді жиынтық міндеттемелері олардың мүліктерінің құнының мөлшерінен аспайтын азаматтар пайдалана алады.

 

Мерзімі өткен берешекті реттеу тәртібі туралы толығырақ айтып берсеңіз.

 

Адам банкроттыққа өтініш берген кезде, өтінішке өз кредиторларының тізбесін, сондай-ақ өзінің берешегін реттеу әрекетін растайтын құжатты қоса беруге тиіс. Бұл рәсім банктер және микроқаржылық қызмет туралы заңдарда нақты көрсетілген. Төлем мерзімі өткен сәттен бастап 20 күн ішінде кредитор қарыз алушыға ол туралы хабарлайды, бұл хабарламаға мән берген жөн. Егер сізде ақшалай қиындықтар туындаса, онда қаржылық мәселелерді мемлекеттік орган да емес, сіз бен банк немесе МҚҰ арасындағы шарттық қатынастарға заң бойынша араласу құқығы жоқ басқа мекемелер де емес сіздің кредиторыңыздың өзі шеше алады.

30 күн ішінде қарыз алушы кредиторға жүгінуге тиіс және проблемалық берешекті реттеу нысандарын ұсынуы керек, яғни ол бұл жағдайдан шығу жолын көрсетеді. Бұл төлем мерзімін кейінге қалдыруды ұсыну немесе ай сайынғы төлемдерді азайту, кестені өзгерту болуы мүмкін. Бұл рәсім қайта құрылымдау, яғни ақшалай міндеттемені орындау тәртібін өзгерту болып табылады. Мысалы, сіз белгілі бір жағдайларға, яғни ауырып қалу немесе кіріс көзінің болмауына байланысты кредит бойынша төлем кестесін сақтай алмауыңыз мүмкін. Сіз банкке осы жайлы уақтылы хабарлап, оған өтініш беруіңіз керек. Банк бұл өтінішті 15 күн ішінде қарайды, содан кейін сіздің қайта құрылымдау шарттарыңызбен келісуі, өзінің балама нұсқасын ұсынуы немесе себептерін көрсетуден бас тартуы мүмкін.

 

Егер қарыз алушы төлем мерзімі өткен жағдайда қаржы ұйымына жүгінбеген жағдайда не болады?

 

Бұл жағдайда банк берешекті өндіріп алу бойынша шаралар қолдануға мәжбүр болады: төлем талаптарын пайдалану, сотқа, нотариусқа атқарушылық құжаттардың көшірмесін алу үшін жүгіну. Әрбір рәсімнің өз шығындары да болады. Мысалы, егер сотқа арыз берілсе, банк мемлекеттік баж төлейді, сот орындаушысы да өз үлесін алады және бұл шығындардың барлығы қарыз алушының қарызына қосылады, ол өсе бастайды, осыған сәйкес борышкердің борышы да арта түседі.

Ерте ме, кеш пе қарыз алушының сот шешімін немесе жеке сот орындаушыларының талаптарын орындауына тура келеді. Берешек жоқ болып кетпейді, оны өтеуге тура келеді, сондықтан алғашқы кезеңдерде кредитормен келіссөзге бару керек.

Егер борышкер банкпен немесе МҚҰ-мен байланысқа шықпаса, онда кредит ұйымы борышкердің өзінің активтері мен кіріс көздерін жасырады не білдіргісі келмейді және т.б. деп санайды. Мен мұны дұрыс тәсіл деп санаймын және кредиторға байланысты туындаған барлық проблемалық мәселелерді кредитормен келіссөздер үстелінде шешуге кеңес беремін.

 

Соттан тыс банкроттық арқылы кредиттің бір жылдан артық өтелмейтіндігі туралы шарт көзделген, сондай-ақ егер қарыз алушы кредитті 5 жылдан артық өтемесе де ерекше шарт бар. Егер кредит, мысалы, 3 жыл өтелмесе, онда қарыз алушы соттан тыс банкроттық рәсімін қолдануға өтініш бере ала ма?

 

Егер борышкер барлық кредиторлар бойынша міндеттемелерді 5 жыл ішінде өтемеген болса, онда ол банкроттық туралы өтінішті қараудың оңайлатылған тәртібіне құқылы. Яғни, 12 айлық төлемдер мен 18 айлық кешіктіру есепке алынбайды. Егер оның кредиті 3 жыл өтелмесе, онда оны уәкілетті органдар барлық қажетті өлшемшарттарға сәйкестігін тексеретін болады.

Біріншісі — оның мүлкінің, оның ішінде ортақ меншіктегі мүлікінің болуы. Екіншісі – әр кредиторға қатысты қатарынан 12 ай ішінде төлемнің болмауы. Бір банкте кредит төлеп, ал екіншісінде 12 ай төлемеу деген болмауы тиіс. Бұл бәрібір бұзушылық болып саналады және міндетті түрде банкроттық туралы өтініштен бас тартылатын болады. Үшіншісі – кешіктірудің туындау сәті. Заң бойынша қарыз алушы міндеттемелерді тиісінше орындауды тоқтатқаннан бері 18 ай өтуі тиіс. Осы уақытқа дейін өндіріп алуды реттеу мерзімі беріледі, яғни 18 айлық кезең әрбір кредиторға қатысты сақталуы тиіс. Егер қарыз алушыда, мысалы, 17 ай өтсе және ол өтініш берсе, онда, өкінішке орай, уәкілетті орган одан бас тарта алады. Борышкер 3 айдан кейін ғана банкроттыққа қайта өтініш бере алады.

 

Банкроттық рәсімі қолданылған азаматтар үшін оның салдары қандай болмақ?

 

Бірінші кезекте, банкроттық рәсімдерін қолданғысы келетін қазақстандықтарға ескерту жасағым келеді. Назар аударыңыз! Бұл мемлекеттен берілетін кредиттік рахымшылықтың жалғасы емес – Банкроттық туралы заң мұндай мақсатты көздемейді. Банкроттықты азаматтар ең соңғы, мәжбүрлі шара ретінде қарастыруы керек және бұл туралы заңды әзірлеушілер мен уәкілетті мемлекеттік органдар үнемі хабарлайды. Банкроттық барлық басқа шаралар нәтиже бермеген жағдайда, борышкердің борыш жүктемесін төмендетудің қандай да бір тетіктері болмаған кезде ғана қолданылуы мүмкін.

Екіншіден, ешқандай жағдайда Банкроттық туралы заңды жауапкершіліктен бас тарту мүмкіндігі ретінде қарастыруға болмайды. Бұл факті анықталған жағдайда, мысалы мүлікті жасырып қалу және тағы басқа, әкімшілік жауапкершілік және банкроттық рәсімдерді жою көзделген.

Үшіншіден, банкроттық рәсімі қолданылғаннан кейін ол адам бес жыл бойы банктік қарыз да микрокредит те ала алмайды, тіпті кепілгер немесе қоса қарыз алушы да бола алмайды. «Банкрот» мәртебесі бар адам автокөлікке немесе ипотекаға кредит берудің мемлекеттік жеңілдікті бағдарламаларына қатыса алмайды. Кредиттік ұйымдардың ішкі саясаттарына сәйкес, 5 жыл өткеннен кейін де кредиторлар бұл адамдарды басты назарда ұстауы әбден мүмкін. Сонымен қатар, мынаны білген жөн – «банкрот» мәртебесі бар адамдар жеті жыл ішінде бұл рәсімге қайта өтініш бере алмайды.

 

Азаматтар қайта құрылымдауға, банкроттық рәсімді қолдануға жүгінетіндей қиын жағдайға тап болмас үшін оларға қандай кеңес бересіз?

 

Қаржылық мәдениет азаматтардың кредит алуға үлкен жауапкершілікпен қарауын білдіреді. Иә, кейде адамдардың кредит алуға қызығушылығы оянып, «нәпсісін» тыя алмай жатады. Бірақ кредитті алғаннан кейін оны қайтару міндеті туындайды, осы жағдайды ескеру қажет . Өзіңіздің бір ғана кіріс көзіңізге сенудің қажеті жоқ, мысалы сіз жалақы аласыз да, оның 50%-ын, кейде тіпті 70%-ын беруді ойлайсыз. Мен олай жасамау керектігін алдын ала ескертемін, себебі күтпеген жағдайлар (ауру, жұмыс орнын ауыстыру) туындаған жағдайда, бұл мойныңызға үлкен жүк болуы мүмкін.

Өз кірісіңізге сараланған тұрғыдан қарауыңыз керек. Егер сіз кредит алсаңыз, онда сіздің бірнеше кіріс көзіңіз болуы керек. Тым болмағанда осы борыштарды қайта құрылымдай алатындай құралдарыңыз болуы керек.

Көптеген елде қаржылық қауіпсіздік жастықшасы қолданылады, бұл сіздің – резервтік қорыңыз. Сіз бұл ақша жинақтарыңызды пайдаланып, туындаған шығындарды қалай да өтей аласыз. Сол үшін де жалпы алғанда, кредит алуға үлкен жауапкершілікпен, ойланып, өз болашағыңызды қалай көретініңізді ескеріп қарауыңыз керек. Сіздің берешекті қалай өтейтініңіз жайында айқын жоспарларыңыз болуға тиіс, себебі сіздің қаржылық жағдайыңыздағы кез келген өзгеріс сіздің міндеттемелеріңізді өтейтін тәртіпке әсері болады.

Кредит ресімдеуге асықпаңыз, алдымен банктің, МҚҰ-ның комиссиялары мен талаптарының қандай болатынын зерделеп алыңыз. Кредиттің неғұрлым қысқа мерзімдерін қараңыз және кредиттік шартқа қол қояр алдында міндетті түрде оның барлық талаптарын оқып шығуыңыз керек. Кредит жайында шешім қабылдауға асықпаңыз, нәтижесінде олар сіздің қаржылық әл-ауқатыңызға әсер етуі мүмкін.

 

Өзіңіздің кредиттік жауапкершілігіңізді және қаржылық сауаттылығыңызды Fingramota.kz-пен бірге арттырыңыз!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *