Серпінді сенбілік

Қазақ ықылым заманнан «Тазалық табалдырықтан басталады» деген. Осыдан-ақ, адам өмірінде тазалықтың қаншалықты маңызды екенін байыптауға болады. Қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау – әрбір азаматтың басты міндеті.

Осы орайда, аудан әкімінің өкіміне сәйкес, аудан елді мекендерінде санитарлық тазарту, көркейту және көгалдандырудың екі айлығы басталды. Өкімге сәйкес, тазалық айлығы үстіміздегі жылдың 16 сәуірі мен 12 маусым аралығында өткізіледі. Тазалық айлығы барысында аудан орталығы мен барлық елді мекендерде күлқоқыстардан тазалау, көшеттер отырғызу, гүл егу жұмыстары жүргізіледі деп жоспарланған. Тазалықты жанына серік еткен ақтоғайлықтар бүгін аудан елді мекендерінде көркейту және көгалдандырудың екі айлығына сәйкес, сенбілік шарасын белсене бастап кетті. Аудан көлемінде жүргізіліп жатқан тазалық жұмыстарына барлық мекеме қызметкерлері бір кісідей атсалысып, әрбір ұжым бөлінген аумақтарда, көшелерде тазалық жұмыстарын қарқынды жүргізуде. Соның ішінде, өткен сенбіде аудан орталығы Ақтоғай ауылының орталық көшелері мен әлеуметтік нысандардың айналасын толық қамтыған тазалық жанашырлары қоқыс қалдықтарын шығарып, ортақ мекеннің көркеюіне өз үлестерін қосты. Атап өту қажет, бұл күнгі сенбілік аясында Ақтоғай ауылы бойынша тазалық жұмыстарына – 250 адам, 2 техника жұмылдырылды. Тазартылған аумақтар бойынша 350 тонна тұрмыстық қатты қалдықтар шығарылды. Бұл шара тұрғындардың табиғатқа деген жақсы қарым-қатынасын қалыптастыруға және ауылдың санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталды. «Дені сау адам – табиғаттың ең қымбат жемісі» дейді ағылшын жазушысы Томас Карлейль. Айтса айтқандай-ақ, қоршаған ортаның таза болуынан адамзат баласының басты байлығы оңалатыны хақ. Жыл сайын өткізілетін айлықтың мақсаты – туған жерді түлетіп, қолдан келгенше жайқалту. Қашанда халық үшін туған жеріміз – руханияттың темірқазығы, ұлттық құндылықтың алтын бесігі, береке-байлықтың бастауы. Сондықтан, өз тұрған жеріміздің ауасын жұтып, суын ішіп, табиғатынан қуаттанған әрбір азамат атамекенін қадірлеуге тиіс.

Думан ҚАБЫЛ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *