Үш тұғырлы тіл

«Тілім менің тірлігімнің айғағы,

Тіл арқылы айтылар сыр ойдағы» дегендей, өсіп келе жатқан ұл-қыздарымыз саналы тәрбие мен сапалы білім алсын десек, ең алдымен өзіміздің тілімізді, ділімізді құрметтеп жаңғырту қажет.

Тіл мәселесі – өміріміздегі үлкен рухани қозғалыс, рухани тербеліс. Осыған орай, латын қарпіне көшу қолға алынуда. Бұл қаріптің бізге берер пайдасы мол. Ана тіліміз көлеңкеде қалып қоймай, төрден орын алып, қалған тілдерді өзінің айналасына жайғастыру керек. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» дегендей, үш тілді қатар алып жүру заманы туды. Бұл қоғамның көшіне ілесем десең, заман ағымына қарай өзгеру керек дегенді білдіреді. Ағылшын тілін игеру деген тек қана Қазақстанда емес, әлемнің барлық түкпір- түкпірінде орын алып жатыр. Яғни, болашағынан үміт күтетін мемлекеттерде екінші тілге айналды.

«Жеті түрлі білім біл, жеті жұрттың тілін біл» демекші, тіл білген адамның көкжиегі кеңейеді, ойлау өрісі дамиды, қарым-қатынас жасау шекарасы ұлғаяды. Психолингвистикалық тұрғыдан алып қарайтын болсақ, шет тілін үйрену, бұл ана тілінің базасында жүзеге асады. Өкінішке орай, бізде өз ана тілінде сөйлей алмайтындар жетіп артылады. Осындай жайттар орын алмас үшін мемлекеттік тілдің статусын өз дәрежесінде, өз деңгейінде ұстауымыз керек. Бірінші кезекте біз үш тұғырлы тіл дегеннің мән- мағынасын түсінуіміз қажет, яғни мұндайды тіл тең жағдайда болғанда ғана айтады. Себебі, тіл білімінде тілдердің тоғысуы деген процесс бар. Ол ертең субстатқа әкеліп соғады. Бұл дегеніміз не? Қоғамда әлді тіл әлсіз тілді қолданыстан ығыстырып жібереді. Бұл да бір себептің айғағы. Яғни, тілдерді қатар қойып, тең құқық беруге және бір-бірімен бәсекелестіруге болмайды. Мемлекеттік тіл әрқашанда бірінші сатыда тұруы керек. Өйткені, Ата Заңда анық көрсетілгендей, мемлекеттік тіл барша қазақстандықтарға міндетті. Ал, қалған тілдер екінші қатардан орын алуы тиіс. Ең алдымен, қазақтың біртұтас ұлт ретінде, бір тілді қауымдастықты құрап, тілдік біртектілікке қолжеткізуге тұтас елдің ішкі бірлігіне, нығаюына мемлекеттік тілдің шын мәніндегі қазақстандықтардың басын біріктіруші факторға айналуына негізін қалайтынын түсінетін уақыт жетті. Міне, сондықтан, қазақтар да, өзге этнос өкілдері де осы елдің көркеюін шын мәнінде ойласа, ең алдымен қазақ тілін оқып, мемлекеттік тілдің төңірегіне топтасу керек.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бірінші кезекте латын графикасы мәселесі көтерілді. Біз латын графикасына көшу арқылы қазақ тілінің қолданысын арттырамыз, өрісін кеңейтеміз, қазақ тілін жаңа белеске шығарамыз. Сондықтан, бір жеңнен қол, бір жеңнен бас шығара отырып мұны іске асыруға атсалысуымыз керек.

Латын графикасы не үшін қажет? Бірінші кезекте, шетелдердегі қазақтармен белгілі бір рухани байланыс орнату үшін, себебі олар кириллицаны білмейді. Екіншіден, түркі тектес халықтармен бір тілдік интеграция орнату аса қажет, өйткені мәдениетіміз бір, тіліміз бір, заңдылығымыз бір деген сияқты. Үшіншіден, қазақ тіліне тән спецификалық дыбыстарды таңбалаудың ұтымды жақтары көп болмақ. Яғни, болашағымызды бесіктен бастап, саналы тәрбие мен сапалы білім беру, білім қанатымен су себу біздің парызымыз болып есептеледі. Тілдік қолданысымызды көркейту тағы да біздің міндетімізге саяды.

Айнұр Бөгенбаева,

Ақтоғай ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *