Шашубайда наубайхана ашылды
Ақтоғай ауданында өңірдің дамуына өзінше үлес қосып жатқан жандардың қатары күн санап көбеюде. Солардың бірі – Шашубай кентінің тұрғыны, кәсіпкер Риза Зкрина. Ол өз қаражатына кенттен наубайхана ашты. «Шашу» демалыс орны жанынан ашылған бұл нысан күніне елді мекен тұрғындарын әлеуметтік нанмен қамтамасыз етпек.
Жаңа нысанның ашылу салтанатына аудан әкімі Салтанат Әбеуова, Шашубай кентінің әкімі Нариман Мангишев, кент тұрғындары қатысты.
Шарада сөз алған аудан басшысы халыққа тиімді бағада нан ұсынуды мақсат еткен кәсіпкердің жұмысына сәттілік тіледі. Сонымен бірге халық күнделікті тұтынатын, әрбір үйдің дастарханындағы ас атасының барлық талапқа сай пісірілуі қажеттігін айтып өтті.
Атап өтейік, бұған дейін қонақ үй, дәмхана, тойхана қызметімен айналысатын кәсіпкер наубайхана ісін де қосымша жандандырмақшы.
Байқағанымыздай, ауданда кәсіпкерлік нысандары уақыт өткен сайын көбейіп келеді. Өйткені, өлкеде жеке іс бастаймын дегендерге жағдай жасалған. Мемлекеттен де, жергілікті билік тарапынан да тиісті қолдау көрсетіледі. Тек талпыныс болса, болғаны. Кез келген кәсіп түрін ашуға жол ашық. Мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп, ауданымыздың дамуына өзінше үлес қосып жатқан жандардың қатары артып келе жатқаны қуантады. Өзінің туған жеріне жанашырлық танытып, ісін өркендетіп, елге пайдасын тигізіп жүргендерге алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Бастапқыда кез келген кәсіпте қиындықтар кезігері анық. Жұмысты бастар кезде әр кәсіпкердің басынан өтер жайт бұл. Алайда, кейіпкеріміз табыстың сыры төзімділікте екенін айтады.
– Көпшілігі жұмысы ауыр ғой деп жатады. Алайда, несібе өздігінен келе бермейді. Тура жүріп, адал еңбек етсең ғана түбі қайтарымы болады. Өз жоспарымыз бар. Содан адаспау керек. Ойлап қараған адамға Мемлекет басшысы о баста дұрыс таңдау жасаған екен. Елбасымыз «алдымен экономика, сосын саясат» деген бағытты ұстанды. Ал, экономика дегеніміз әлеуметтің әлеуетін көтеруге бағытталады. Оның жемісін бүгін көріп отырмыз. Алдағы уақытта ауылымызда кәсіпкерлердің қатары көбейе түсеріне сенім мол, – дейді Риза Зкрина.
Кәсіпкер бүгінде дайын өнімдерін кент ішіндегі дүкендерге арзан бағада өткізеді. Одан бөлек, тұтынушылардың қалауына орай тапсырысқа да тәттілер қабылдайды. Наубайхана қажетті құрал-жабдықтармен толықтай қамтамасыз етілген, сондай-ақ, мұнда бір мезетте 250 бөлке пісіретін арнайы пеш орнатылған.
Ең бастысы, «Нан болса, ән де болатынын» көкейіне құйып алған. Болашаққа бағыттаған жоспары да көп. Мақсаты – айқын, ниеті бекем. Нарыққа жаңадан қосылған наубайхана сапалы өнімдерімен қуанта берсін!
Думан Бақышев.