«Судың да сұрауы бар»
Таяуда аудан әкімдігінің мәжіліс залында ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің бас маманы Г.Құрманғалиева «Ақтоғай-су» ЖШС таратылатын желілер бойынша ауыз су беру қызметіне тарифті және тарифтік сметасын бекітуге берген өтінімін қарастыру барысында көпшілік тыңдау өткізді. Жиынға ауданға қарасты шалғайдағы елді мекеннің тұрғындары ZOOM бағдарламасы арқылы онлайн қатысты.
Шараны «Ақтоғай-су» ЖШС директоры Е.Керімбай ашып, ауыз су беру қызметіне тариф пен тарифтік сметаны бекіту туралы баяндама жасады.
– «Ақтоғай-су» ЖШС Ақтоғай ауданы әкімдігінің 2014 жылғы 3 қазандағы қаулысымен 100 пайыз үлестік қатысуымен құрылған және осы күннен бастап өзінің қызметін жасауда. Серіктестік өзінің қызметін өңірге қарасты Ақтоғай, Сәуле, Қызыларай, Шабанбай би, Ақтас, Нүркен, Сарытерек, Айыртас, Абай, Қошқар, Нарманбет ауылдарында көрсетеді. Серіктестіктің теңгеріміндегі су құбыры желілерінің жалпы ұзындығы – 83,49 шақырым. Серіктестік үшін тариф ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің 2015 жылғы 26 маусымдағы №179-ОД бұйрығымен М3 үшін ҚҚС-сыз 95,17 теңге болып бекітілген. 2015 жылдан бері аталмыш тарифке өзгерістер енгізілмеген. Соңғы 7 жылда серіктестіктің шығындары біршама артып отыр. Оның ішінде ауыз су беру үшін сорғылардың жұмыс істеуіне аса қажетті электр қуатының құны 89 пайызға, жанар-жағармай, қажетті материалдардың құны қымбаттады. ҚР-дағы ең төменгі еңбекақы мөлшері 60 мың теңгеден жоғарылады, – дейді Е.Керімбай.
Серіктестік басшысының айтуынша, осыған орай ҚР ҰЭМ «Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті» РММне таратушы желілер арқылы ауыз су беру қызметіне тариф пен тарифтік сметаны бекіту туралы өтінім берілген. Жиын барысында аудан тұрғындары сұрақсауалдарын қойып, тұщымды жауаптарын алды. Шараны қорытындылаған аталмыш департаменттің бас маманы Г.Құрманғалиева серіктестік ұсынып отырған тарифтерді көтеру жөніндегі шешім департаментпен қабылданғаннан кейін жарияланатынын жеткізді.
Думан Амангелдіұлы.