Төл өнерді түлеткен Таңат
Абай облысы, Үржар ауданында құсбегіліктен өткен І Халықаралық әлем чемпионатында жерлесіміз Таңат Оспанқұловтың ителгісі жеңімпаз атанды.
Халықаралық құсбегілер федерациясының ұйымдастыруымен өткен чемпионат Мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығына арналған. Барқытбелдің баурайында құс салып, ит жүгірткен додаға Түркия, Қытай, Моңғолия, Украина, Ресей, Қырғызстан мемлекеттері мен біздің елден 100-ден астам құсбегі келген. Олар бүркіт, қаршыға, ителгі сынды аңшы құстарын жарысқа қосты.
Қазақ халқының тектілігін, жігіттерінің серілігі мен жүректілігін танытатын құсбегілік өнерді насихаттаған шараға Қарағанды облысы атынан қызыларайлық құсбегі Таңат Оспанқұлов қатысып, «Самал» атты сұңқары бірінші орынды қанжығалап қайтқан болатын. Таңаттың тау түлегiн баптап, қыранын қиқулатқан ата-баба мирасын жалғастырып жүргеніне 10 жылдан асыпты.
Таңат Талғатұлының айтуынша, чемпионат жоғары деңгейде өткен. Ителгі жарысы бойынша баптап-бәпестеген «Самал» атты сұңқар қолға қондыру кезеңінде үздік танылған. Келесі кезең – шырға тебу. Тепсінісі тегеурінді сұңқар ақтық сын қоянға салуда да қара үзіп, иесі арнайы диплом мен 700 000 теңгені қанжығалапты.
«Құсбегілік – кейінгі кезде кенжелеп қалған ұлттық спорт түрі. Өз басым жүлдегер атанғаныма бек ризамын. Дегенмен, құсбегілікке мемлекет тарапынан жіті мән берілсе екен», – деген тілегін білдірді жеңімпаз.
Думан Бақыш.