Түлектер тартуы
Ақтоғай ауылының түлектері басқосуға емес баспанаға қаржы жинап, сауапты іске ұйытқы болды.
Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүріне айрықша ат салысу — шынайы патриотизмнің белгісі. Елім, жерім деп мақтану бір бөлек, кіндік қаның тамған өлкеге деген сүйіспеншілікті арттыру аса маңызды. Ақтоғай ауданында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында түлектердің туған жерге ту тігіп, көпбалалы отбасы, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек қолдау көрсету дәстүрі жақсы қалыптасқан. Соның айқын бір дәлелі, күні кеше Ақтоғай ауылында Ә.Бөкейхан атындағы жалпы білім беретін орта мектебінің 2011 жылғы түлектері, яғни 1993 жылы туған азаматтар мүмкіндігі шектеулі жанға үй сатып әперді. Мақсат мектеп бітіргендеріне толуына орай өтетін басқосуларын тек той тойлаумен шектемей, туған жерге игі іс жасау.
Игілікті шараға түлектердің ұстаздары Ж.Сарыбаева, Б.Ескалиева, Ш.Пішенбаевалар қатысып, қамқор жандарға ризашылығын білдірді. Сауапты іске мектеп мұғалімдері де ерекше қуанды. Себебі, шәкірттері өнегелі тәрбие көргендіктерін танытты.
–Көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Әлихан Бөкейхан атындағы мектеп аудандағы үлкен қара шаңырақ. Білім ошағынан 10 жыл бұрын түлеп ұшқан түлектеріміз ізгі амал жасап, мұқтаж жанды баспанамен қамтамасыз етіп отыр. Балаларымызға алғысымыз шексіз, — деп шараның мән маңызына тоқталған ұстаздары Ж.Сарыбаева баспана кілтін табыстады
Үйлі болып, қуанышқа кенелген Мейрам Айтжанов бұған дейін анасы және бауырларымен бірге баспана жалдап келген. Енді міне өз үйі бар. Осылайша киелі құт мекенде көпшілікке үлгі боларлықтай игі істер өз жалғасын табуда.
Думан ҚАБЫЛ