Түлектердің туған жерге тартуы
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «… Туған жерге, оның мәдениеті мен салтдәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі», – деген болатын.
Бүгінде елімізде туған жерінің, туған ауылының барын бағамдап, жоғын түгендеуге, перзенттік борышын өтеуге ниетті азаматтар қатары көбейіп келеді. Бұл – қуантарлық жайт. Әсіресе, мектеп бітіргендеріне 10, 20, 30,.. жыл болған азаматтардың басқосуы — көптен кездеспеген құрбы-құрдастар балалық шаққа саяхат жасап қана қоймай, туған ауылына тарту жасауға бейілділігі жерлестерінің әлеуетін көтеруге зор ықпалы болып отыр. Қызыларай ауылының 1983 жылы туған азаматтары елді мекеннің кіреберістегі белгісіне жөндеу жұмыстарын жүргізіп, ауыл логотипін орнатса, күні кеше 1979 жылы туған азаматтар «Қызыларай» көкпар командасын формамен қамтамасыз етті.
Сол сияқты, үстіміздегі жылы мектеп бітіргендеріне 30 жыл толған (1974 жылы туған) түлектер ауылдың кіреберісіне барыс мүсінін орнатты. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай түлектердің туған жерге тартуы елді мекеннің көрікті жерлерінің біріне айналды. Осылайша, 1974 жылы туған азаматтар ауылдастарының көңілін бір марқайтып, кейінгілерге үлгі боларлықтай іс жасап отыр. –Өзінің туып өскен ауылына, білім алған мектебіне сый жасау әрбір перзенттің, әрбір шәкірттің борышы. Ауыл азаматтарының қайда жүрсе де, жүрегінің түбінде туған жерін әлдилеп жүруі — туған жеріне деген сүйіспеншілігі зор, патриот екенін танытады. Бар мақсатымыз – туған елімізге аз да болса өз пайдамызды тигізу. Бұл біздің туған еліміздің дамуына қосқан тамшыдай болса да үлесіміз. Ауылымыздың іргесі сөгілмей, берекесі арта берсін, – дейді Қ.Серкебаев сөзге тартқанымызда.
Туған жеріне келіп, тағзым етуі – әрбір перзенттің парызы. Ал осы жақсы істің дәстүрге айналғаны жүректерге қуаныш ұялатады.
Думан ҚАБЫЛ