Тұрғындар тілегі тыңдалды
Жыл басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев орталық атқарушы органдар басшылары мен әкімдердің халыққа есеп беру кездесулерін өткізудің жаңа тәртібін бекіткен болатын. Енді әр деңгейдегі әкімдер халықпен тоқсан сайын есепті кездесу өткізеді.
«Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» ҚР Президентінің 3 наурыздағы Жарлығына сәйкес, бүгінгі таңда ауданға қарасты кент, ауылдық округтерде атқарушы биліктің халықпен жүздесулері өтуде. Күні кеше аудан әкімінің орынбасары Қайрат Қошантаев Тораңғалық, Шашубай елді мекендерінде болып, бұқара базынасына құлақ түрді. Жаңа жылдағы алғашқы үш айдың қорытындысы туралы айтып, алда атқарылар жоспарлармен бөлісті. Өз кезегінде тұрғындар өзекті мәселелерін ортаға салып, талап-тілектерін жеткізді. Қойылған сұрақтар бойынша шешімді жауаптар беріліп, көтерілген түйінді түйткілдер бақылауға алынды. Сонымен қатар, аудан әкімінің орынбасары бұл күні жеке қабылдау өткізді.
Өз тілшімізден.