Тұрақтылық пен тәуелсіздігіміздің кепілі

11 қаңтар күні Президент Парламент Мәжілісінің отырысында елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдай жайлы, алдағы дамуымыз туралы байыпты баяндамасын жасады. Елдегі әлеуметтік ахуал туралы жан-жақты баяндаған Президенттің сөзінде еліміздің келешектегі дамуының бағыттары нақтыланып, бағдарымыз айқындалды, нақты міндеттер атап көрсетілді. «Ауыл – Ел бесігі» атты жаңа бағдарламаның маңызы зор, мәні ерекше екені сөзсіз. Өйткені, еліміздің басшысы атап өткендей, Қазақстанның өңірлері бірдей деңгейде дамып жатқан жоқ. Жаңа бағдарлама осы олқылықтың орнын толтыру үшін қолға алынбақшы. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, екі айдың ішінде халықтың табысын арттыру жөнінде бағдарлама әзірлеуді, Әлеуметтік кодекстің уақытында қабылдануын қамтамасыз етуді тапсырды. Мемлекет басшысы: «Әлеуметтік кодекс жаңа қоғамдық келісімнің негізгі элементіне айналуға тиіс», – деп қадап айтты. Парламент Мәжілісінде сөйлеген бағдарламалық сөзінде Президент мемлекетіміздің дамуының жаңа әрі жүйелі бағытын атап өтіп, жаңа Үкіметке халқымыздың өмір сүру деңгейін көтеретін тапсырмалар жүктеді. Премьер-министр Әлихан Смайыловтың басқаруымен жаңа Үкімет Мемлекет басшысы жүктеген келелі міндеттер мен ауқымды тапсырманы дер кезінде, сапалы әрі жүйелі жүзеге асыруға жұдырықтай жұмылады, халқымыздың сенімін ақтау үшін іскерлік пен кәсіби шеберлік, табандылық пен жауапкершілік үлгісін көрсетеді деп сенеміз. Ең бастысы, Мемлекет басшысы Қазақстанның әлеуметтік сипаттағы мемлекет мәртебесін жоғалтпайтынын атап көрсетті. Біздегі жылдар бойғы табысты жұмыстың нәтижесінде өте бай адамдар пайда болды. Енді олардың Қазақстан халқына құрмет көрсетіп, оған жүйелі және тұрақты негізде көмектесетін кезі жетті. Осы орайда Президент Үкіметке осындай компаниялар тобын анықтап, олардың қатысуымен «Қазақстан халқына» атты қоғамдық әлеуметтік қор құруды
тапсырды. Қор халыққа, атап айтқанда, мұқтаж жандарға қолдау көрсететін болады. Президенттің айтуынша, бұл қор қоғамды топтастырудың тағы бір құралына айналады. Қазақстан дамуының жаңа кезеңіне бетбұрыс жасады. Жаңа бағыт ел үшін жаңа табыстар әкелетініне сенімдімін. Ел алдында тұрған үлкен міндеттерді айқындаған бұл үндеу – жаңа дәуірдегі мемлекет тұрақтылығы мен тәуелсіздігінің кепілі. Саяси сыңдарлы диалог пен экономикалық маңызды реформалар қоғамдық гүлдену мен мемлекеттің ертеңіне үлкен үміт ұялатады.
Қ.Тұрғанбеков,
Абай ауылдық округінің әкімі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *