Тәртіпсіз ел болмайды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың күні кеше «QAZAQSTAN» ұлттық телеарнасына берген эксклюзивті сұхбаты маған ұнады. Қойылған сұрақтарға ашық және сенімді жауап беру арқылы бұл сұхбат есте қалды. Эфирде шынымен біраз мемлекеттік құпиялар жөнінде ашық айтылды. Алынған сұхбат кешегі ел басына қауіп төнген ауыр сәттерді де айналып өтпеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтардағы қайғылы оқиға Отанымыздың әріқарайғы тағдыры қалай және қашан шешілетіндігі туралы айтып берді. Сұхбатта қайғылы қаңтар оқиғаларының аянышты себептері сөз болып, алдағы саяси және әлеуметтік реформалар, Қазақстанның негізгі сыртқы саяси серіктестерімен өзара қарым-қатынастары туралы сұрақтарға жауаптар алынды. Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде бұзақыларға қатысты қандай іс- шаралар қабылданатынын және жағдайды өздерінің жеке мүддесіне пайдаланғысы келген адамдар төңкеріс жасауға талпынғанын да айтты.

Ел бірлігі, Қазақстанның болашағы турасында сөз сабақтаған Президент: – Біздің халқымыз талай «тар жол, тайғақ кешуді», қилы заманды басынан өткерген. Қиындықтың бәрін жеңген. Кешегі қасіретті оқиға кезінде халқымыз бірлігін көрсетті. Осы құндылықты келешек ұрпаққа аманат етуіміз керек.

Қазақстанның болашағы жарқын болатыны сөзсіз. Мен бұған кәміл сенемін. Біздің бір ғана Отанымыз бар. Басқа Отанымыз жоқ. Болмайды да. Еліміздің Тәуелсіздігі бәрінен қымбат. Бұл – аксиома, ақиқат. Оны көздің қарашығындай сақтау – ортақ парызымыз.

Ал, егемен ел дегеніміз қандай ел? Бұл – әлемдік үдеріске бейімделген біртұтас халық. Дербестігін жалаң сөзбен немесе ұранмен емес, нақты іспен дәлелдей білген ел. Демек, «Егемендікті сақтап қаламыз ба?» деген күмәнді ой ешкімде болмауы керек, – деді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі қоғам алдында тұрған ең маңызды мәселені де атады.

– Қоғамдағы ең маңызды мәселе – заң үстемдігін қамтамасыз ету. Өкінішке қарай, заңды мойындағысы келмейтін азаматтар аз емес. Басқаша айтсақ, құқықтық нигилизм белең алуда. Ағаларымыз «Тәртіпсіз ел болмайды» деп баяғыда айтқан болатын. Менің ұстанымым: қоғамда заң мен тәртіп болса ғана, ел ішінде үйлесім, бейбіт өмір болады. Заң – кез-келген өркениетті қоғамның басты өлшемі. Заң үстемдік құрғанда ғана әділетті қоғам қалыптасады. Біз міндетті түрде бұған қол жеткізуіміз керек. Бұл менің нақты ұстанымым, – деді Президентіміз.

Жалпы, сұхбат барысында Мемлекет басшысы ел болашағына арналған жоспарларымен бөлісті. Байқап, бағдарласақ, қазірдің өзінде өзгерістер басталып кетті. Олар қазақстандық қоғам мен бүкіл саяси жүйені трансформациялаудың оң нәтижелеріне қол жеткізуден тұрады, бұл, сайып келгенде, Қазақстанды экономикалық өсуге әкеледі деп сенейік.

М.Шоханов,

Нүркен ауылдық округінің тұрғыны.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *