ТӘУЕЛСІЗДІК – ең басты құндылығымыз

Міне, биыл қазақ елі тәңірі берген Тәуелсіздігінің, арайлы азаттығының отыз жылына қадам басып отыр.

Түп шежіресі сонау ежелгі түркіден бастау алатын «мың өліп, мың тірілген» қазақ халқы бағзы заманнан бері қаншама өзінің іргелі ел, қабырғалы қалпын, салиқалы салтын сақтап қалғаны – еркіндіксүйгіштік жігерінің, асқақ рухының арқасы. Қазақ мемлекеттілігінің түпкі негізі сонау сақтардан басталып, ғұн, қаңлы, қыпшақ, Ақ орда мен Қазақ хандығының жалғасы – бүгінгі тәуелсіз Қазақстан мемлекеті.

Сырым Датұлы, Кенесары Қасымұлы, Махамбет Өтемісұлы мен Исатай Тайманұлы бастаған және 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістер қазақ елінің еркіндігі, тәуелсіздігі үшін тарихта ерекше орын алады. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманы, халық қынадай қырылған сонау 1930-1933 ж.ж., ел тізгінін ұстаған арда азаматтардан айрылған 1938 жылдар халық жадынан өшпек емес. Осынау кең жаһан далаға халқымыздың ие болып, ұлт болып қалыптасуы әрісі Абылай хан, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Иса, Досан, Шотан батырлар, берісі Бауыржан, Мәншүк, Әлия сынды баһадүр бабаларымыздың ерен ерлігінің арқасы. Сол үшін де ел қорғаны болған бабаларымыздың есімдері алтын әріппен тарихта қалды.

Тәуелсіздік үшін ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен елін қорғаған бабалар рухынан қуат алған ызғарлы Желтоқсан оқиғасы қазақ халқының қасіреті де, қасиеті де жетерлік тарихына айналды. Иә, Желтоқсан оқиғасы қаншама ызғарлы естілсе де, жанымызға нұр септі. Желтоқсан жаңғырығы бізге Тәуелсіздіктің таңын әкелді.

Еңсемізді тіктеп, егемен ел атанып, өз алдына отау тігіп дербес мемлекет атанған Қазақстан қаншама қиындықтарға жолықса да тастай берік төзімділіктің арқасында, жалпақ әлемге өзінің өршіл үнін, өркениетке деген үмітін мойындатты. Ата-бабаларымыздан мұра болып қалған ұлан-ғайыр атамекен жеріміз, отарлық жоя алмаған тіліміз, мәдениетіміз тек қана қазақтың рухының күштілігімен сақталды.

 Айтуған ҮКІБАС,

Абай ауылы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *