«Тұғырлы тұлғалардың» тұсауы кесілді

ХХІ ғасырдың технология дәуірі болатыны осыдан жүз жыл ілгеріде айтылып қойған. Сол кездегі болжам дөп келіп отыр. Қазір қия бассаңыз адам баласының ғылымға иек арта отырып қол жеткізген жетістіктерінің куәсі боласыз. Технологияның қарыштап дамығаны соншалық адам баласының күнделікті қолданысына дендеп енді.

«Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы»,-деп, Әл-Фараби айтқандай айналамызда етек жайып келе жатқан технология атаулыны адам баласының игілігіне, парасаттылыққа негіздеп, ілім-ғылымның жолында пайдалану қажет. Осылайша баянды болашақтың ірге тасын қалауға әбден болады.

 

 

Күні кеше сондай ізгілікті істі көзімізбен көріп қайттық. Аудандық орталықтандырылған кітапханасында infomania жаңалықтар шеруі болып өтті. Шара барысында аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің инженер-технологы А.Мағден өзінің табанды еңбегінің нәтижесінде әзірлеп, жарыққа шығарған жаңалықтарын таныстырды. Таныстырылымның шымылдығын «Голограмма» құрылғысымен түрді. Осынау құрылғы арқылы кез-келген бейнежазбаларды 3D, 4D форматына көруге болады. Келесі кезекте «Тарих сөйлейді» жобасын ақтоғайлық оқырман қауымға паш етті. Жобаның мақсаты – кітапханаға оқырман тарту, өлкені кеңінен таныстыру, кітапхананы басқа қырынан таныту болып табылады. Осы орайда айта кетерлігі, аудан әкімдігінің қолдауымен аталмыш жобаның негізінде «Тұғырлы тұлғалар» атты қос кітап жарық көріп, кешегі күні тұсауы кесіліп, оқырман қауымға жол тартты. Кітапта Ақтоғайдан түлеп ұшқан, алты Алашқа аты мәлім тұлғаларымыздың ғұмырнамасы мен шығармашылығы топтастырылған. Кітаптағы ерекшелік сонда – парақтағы суретке ұялы телефонның камерасын жақындатсаңыз, смартфон бетінде ешқандай сілтеме және ғаламторсыз, сол кескін жөніндегі бейнеролик автоматты түрде көрсетіледі. Ол үшін сіздің қалтафоныңызда бар болғаны «меморис» қосымшасы болса жеткілікті. Осынау қосымша арқылы және кітап бетіндегі QR код арқылы тамаша бейнежазбаларды көруге әбден болады. Жоба авторы Айжанның айтуы бойынша уақыт қат болып қалғандықтан бұл жинаққа аудан мақтанышы болған тұлғалардың дені енбей қалған. Десе де, алдағы уақытта «Тарих сөйлейді» жобасының шеңберінде «Тұғырлы тұлғалар» кітабының сериясы жалғасын табатынын жеткізді.

Ауданымызда жарық көріп жатқан осындай тың дүниенің таныстырылымына аудан әкімінің орынбасары А.Аманжолов, ауданымыздың құрметті азаматы Т.Мұқан, ақын М.Сейдахмет және жарық көрген кітапқа енген тарихи тұлғалардың жақын-жарандары мен арнайы Қарағанды шәрінен келген қонақтар қатысты. Әуелгі кезекте сөз алған А.Базылұлы жиынға қатысқан қауымды келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтады:

– Қасиетті Ақтоғай талантты тұлғалардан кенде емес. Басы Әсет, Әлихан, Әлімхандардан бастап күні бүгін әр салада ауданымыздың атын аспандатып жүрген перзенттеріміз аз емес. Біз сол жандардың есімін ұлықтау мақсатында әр алуан рухани-мәдени шараларға ұйытқы болудан танбаймыз. Бүгін тұсауы кесіліп жатқан жаңа кітабымыз осы сөзіміздің жанды дәлелі болмақ. Құрметті кітапхана ұжымы еңбектеріңізге табыс тілеймін. Еліміз үшін маңызы орасан мерекемен тұспа-тұс келіп отырған бүгінгі шара алдағы уақытта да жалғасын таба берсін — деді аудан әкімінің орынбасары. Сондай-ақ, өлкетанушы Т.Мұқан, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі М.Сейдахмет шаршы топтың алдына шығып, өз лепестерін білдірді. Шара соңында күміс көмей әнші, талай халықаралық байқауларда топ жарып жүрген «Әуен» ансамблінің жетекшісі С.Мүбәрәкұлы «Сары бидай» әнін шырқап, дегдар өнерді паш етті.

Айта кеткен абзал, бұл жоба Ж.Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасы ұйымдастырған «Креативті идеялар, инновациялық тәжірибелер банкі» байқауының І дәрежелі дипломын еншілеп, Қарағанды облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Е.Жұмакеновтың алғыс хатымен марапатталған.

Е.АЙТЖАН.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *