Тұғырлы тұлғаның бюсті бой көтерді

Аудан орталығының іргесінде қоныстанған Шабанбай би ауылында тағы бір тағылымды іс орын алды. Би атындағы ауылда заманының заңғар тұлғасы, көрнекті қоғам қайраткері, «шаппай жүйрік, сөйлемей шешен» болған Шабанбай би Қалқаманұлына арналған ескерткіштің ашылу салтанаты болып өтті.
Бұл – баба атындағы ауылдағы осымен үшінші тұғырлы тұлғаға қойылып жатқан ескерткіш. Бұған дейін әр жылдары Алаш қайраткерлері – Ә.Ермеков пен Ә.Бөкейханның бюсті бой көтерген болатын.
Шабанбай би ескерткішінің авторы – белгілі суретші, мүсінші Бейбіт Мұстафин. Суретшісі әрі ескерткішті орнатуға басынан соңына дейін тік тұрып қызмет еткен – Ислам Кенжеханов. Бюст мыстан құйылған. Тастұғырмен қоса есептегенде – 4,4 метр. Ескерткіштің оң және сол жақ қанатында Жидебай батырдың биге берген бағасы мен Шабекеңнің Жанқұтты биге берген батасы жазылған. Ескерткішке жағалай қоршаулар орнатылып, тас табандар төселген. Болашақта бюст бой көтерген аумақ үлкен саябаққа айналмақ.

 

– Құрметті ауыл тұрғындары және қонақтар! Баршаңызды осынау бюсттің ашылу салтанатымен шын жүректен құттықтаймын. Ұлы тұлғаларымыздың есімін ұлықтау мақсатында соңғы 20 жылдың көлемінде біршама ауқымды істер жүзеге асты. Әуелгі кезекте қазақ тарихында өзіндік қолтаңбаларын қалдырған би-шешендеріміздің есім-сойын ел жадында қалдыру үшін ауданымызға қарасты елді мекендерге киелі тұлғаларымыздың аты берілді. Әрмен қарай мазарларын қалпына келтіру, ескерткіштерін тұрғызу істері қолға алынды. Бүгін міне, тағы бір мәрте «Рухани жаңғыру: Туған жер бағдарламасының» шеңберінде ауыл азаматтарының бастамасымен, баба ұрпақтарының қоштауымен өз мәресіне жеткен еңселі ескерткіштің ашылу рәсіміне куә болып отырмыз. Бабаларымыз сан жылдық тәжірибесіне иек арта отырып, «Туған жерге туыңды тік» деген. Осы ауылдың ауасымен тыныстап, суын ішкен әрбір азамат, көлденең жатқан бір шеге болса соны осы ауылға әкеп қағуы керек. Бұл – әр перзенттің туған жер алдындағы борышы. Сіздер бүгін ауызбіршіліктің, туған жерге деген патриотизмнің жарқын үлгісін көрсеттіңіздер. Осынау шарапатты шараға мұрындық болған барша азаматтарға алғысымды білдіргім келеді, – деді Ақтоғай ауданының әкімі Салтанат Әбеуова.
Өңір басшысынан кейін Қарағанды облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Нілдібаев, Қарағанды облысының Құрметті азаматы Сағадат Дүйсебеков, Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы Қайырбек Сәдуақасов және Шабанбай би ұрпақтары қауымдастығының президенті Ғабиден Есембеков пен би мүсінін орнатуға бастама көтерген ауылдағы мектептің 1982 жылғы түлектерінің өкілі Серікхан Құлатаев көпшілік алдына шығып, өздерінің жылы лебіздерін білдірді. Осы орайда айта кету керек, қабырғалы қаламгер, парасатты публицист-ақын, баба ұрпағы Қайырбек Сәдуақасов Шабанбай бидің кескін-келбетін алғаш қағаз бетіне түсірген жан. Ғылыми еңбектер мен әдеби айналымға енген Шабанбай бидің суреті және күні кеше бой көтерген бюст те сол Қайырбек ағамыздың еңбегінің жемісі.
Баба ескерткішінің ашылу рәсімінен кейін ауылдық клуб үйінде есімі мұқым елге мәшһүр, талай халықаралық, республикалық байқаулардың жүлдегерлері – «Тоқырауын толқыны» халықтық ән-би ансамблі ән-жырдан шашу шашты.
Сонымен қатар, «Дастан» дәмханасында ас беріліп, баба рухына Құран бағышталды. Сол арада ұйымдастыру алқасының атынан алыстан ат арытып келген қонақтар мен зиялы қауым өкілдеріне, осынау үлкен іске бел буынып, білек сыбана кіріскен барша ағайынның иығына шапан жауып, Алғыс хат табыс етілді.
– Шабанбай би ауылында кейінгі жылдары жақсы үрдіс қалыптасты. Осы арадағы білім ошағынан түлеп ұшып, бүгінде еліміздің әр өңірінде түрлі саланың тізгінін ұстап отырған азаматтар әр жыл сайын өзара ақылдаса келе, ауылдың ажарын ашатын түрлі бастамаларға ұйытқы болып, туған жердің бойына қан жүгіртіп жатқан жайы бар. Әр жылғы түлектердің ұжым бірлігінің арқасында алақандай ауылымызда саябақтар салынып, балаларға арналған ойын алаңқайлары пайда болды. Бұған дейін Әлихан Бөкейханның, Әлімхан Ермековтің ескерткіші тұрғызылған болатын. Бүгін 1982 жылғы мектеп түлектерінің ұйытқы болуымен, баба ұрпақтарының табанды еңбегінің нәтижесінде тағы бір текті тұлғамыздың бюсті мен мұндалап тұр. Осынау ілкімді іске атсалысқан барша ағайынға, демеу білдірген басшылыққа айтар алғысымыз шексіз, – деді айтулы ақын, «Сарыарқаның Сарытентегі» атанған Қуаныш Мақсұтов.

 

Сондай-ақ, ауылдағы балдырғандардың бұғынып жатқан дарынын ашып, өнерге ынталандыру мақсатында «Балдәурен-2» балалар байқауы өтті. Ән додасына ауылдағы 7-12 жас аралығындағы жас өрендер қатысты. Бүлдіршіндердің өнерін тамашалауға келген халықтың қарасы қалың болды. Бас-аяғы 12 өнерпаз қатысқан байқауда жүлделі І орынды Нұрланұлы Асылжан еншіледі. ІІ орынға Мақсатқызы Жұлдызай ие болса, Айдаржанқызы Балғынға ІІІ орын бұйырды. Барша қатысушылар Алғыс хаттармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Е.АЙТЖАН.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *