Тұғыры биік тұлғалар
ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерейлі мерекесі Ақтоғай ауданы жұртшылығы үшін тамаша тартулармен келіп жатыр. Облыс әкімі Ж.Қасымбектың қолдауымен «Ауыл — Ел бесігі» арнайы бағдарламасы арқылы қолға алынған Ж.Шайдаров атындағы саябаққа қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, «Тұғыры биік тұлғалар» атты даңқты жерлестерімізге арналған құрмет алаңының ресми ашылу рәсімі өтті. Талапқа сай жаңғырған саябағымыздың ортасынан бой көтерген биік тұғыр ол: әр салада қызмет атқарып, елге деген, жерге деген адал еңбектерімен еліміздің өсіп өркендеуіне айырықша үлес қосқан аға ұрпақ өкілдерінің
«Тұғыры биік тұлғалар» атты тасқа басылған мәңгілік есімдері алаң төрінен орын алып отыр. Нысанның тұсаукесер рәсімін аудан әкімі С.Әбеуова құттықтау сөзбен ашып, еңбек ардагері С.Малгеждаров пен аудандық мұражай директоры Т.Жармағанбетов құттықтау сөз сөйледі. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Сыздықов, Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы М.Сәтеков, еңбек ардагері Б. Кеңесбаев нысанның лентасын қиып, ақжаулықты әжелер шашу шашып, «Тоқырауын толқыны» халықтық ән-би ансамбілі мерекелік ән-шашуларын жолдады. Саябақты қалпына келтіру жұмыстарын жүргізген мердігер «Темір Арқа» ЖШС, құрмет алаңын жасаған мердігер «Хан» ЖШС және саябақ жарықтарын орнатушы «Арғын» ЖК аудан жұртшылығы атынан алғысымызды білдіреміз.