Тай жарысы тартысты өтті

Қасиетті Рамазан айына орай аудан көлемінде қайырымдылық акциялары ұйымдастырылып, ұлттық спорт түрлері кеңінен насихатталуда. Сөзіміздің айқын бір дәлелі, күні кеше ұлттық ат спорты түрлерінен жарыс өткізілді. Шараға аудандық жастар ресурстық орталығы мұрындық болды. Бәйге десе делебесі қозатын қазақ баласы бұл жарыстан шет қалған жоқ. Жарысқа аудан шабандоздарымен қатар Шет ауданының атбегілері өз жүйріктерін үкілеп қосты. Дүбірлі додада тай, құнан жарыс сайыстары ұйымдастырылды. Бұл жолы оншақты жүйрік тай бәйгеге қосылды. Тұлпарлар бақ сынасқан аламан бәйгеге дала төсін шабандоздардың қиқуы мен тұлпарлардың дүбіріне толтырды. Бәйгенің салтанатты ашылу рәсімінде Ақтоғай ауданының жастар ресурстық орталығының директоры Шыңғыс Елеген құттықтау сөз сөйлеп, атшабарларға сәттілік тіледі: «Біз ұлттық ат спортын қолдау, салауатты өмір салтын насихаттап, жастардың ұлттық спортқа деген қызығушылығын ояту мақсатында осы бәйгені ұйымдастырып отырмыз», – деп атап өтті Ш.Елеген. Жарыстың қорытындысы бойынша «Тай бәйгесі» бойынша І орынды Р.Байдүйсенов, ІІ орынды А.Турлауов, ІІІ-IV орындарды Б.Дүйсенбеков және V орынды Ж.Ғалиолла еншіледі. Жаппай бәйгеден 9 шақырымдық қашықтықта І орынды М.Мұратбек, II орынды А.Дамирұлы, III орынды С.Сағатұлы иеленді. Жеңіске жеткен жеңімпаздарды Алғыс хат және бағалы сыйлықтармен марапаттады.

Ауданның жастар ресурстық орталығы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *