Тарихтан тағылым — өткенге тағзым
31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Жалпы, зерттеушілер деректеріне сүйенсек, 1927-53 жылдары Қазақстан бойынша 125 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшыраған. Олардың 25 мыңы атылды. Осы қуғын-сүргін жылдарында бүкіл елде 953 лагерь болған. Қазақстанда ГУЛаг-тың 20-дан астам лагері орналасқан. Тәуелсіздік жылдары аралығында 146,5 мың күнәсіз жазғырылған отандасымыздың аттары жазылған 14 «Аза кітабы» жарыққа шығып, 340 мыңнан астам заңсыз қуғынсүргінге ұшыраған азаматтар ақталды.
Жазықсыз жапа шеккен боздақтарымызды еске алу мақсатында атаулы күнге орай еліміздің түкпіртүкпірінде түрлі тағылымды шаралар ұйымдастырылып келеді. Күні кеше Қарағанды шаһарындағы Достық үйінде «Тарихтан тағлым – өткенге тағзым» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Онда өткеннің тотолитарлық ақ дақтары мен мұрағаттарды толық құпиясыздандыру қажеттілігі туралы айтылды. Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған кездесу онлайн-режимде өрбіді. Белгілі қазақстандық тарихшылар, саясаттанушылар мен этнографтар бас қосқан жиынға аудан әкімі С.Әбеуова, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Сыздықов қатысты.
Шараны Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов құттықтау сөзімен ашты.
– Жарқын болашақ үшін ХХғасырдың қайғылы тарихын білу және есте сақтау маңызды. Бүгінгі конференцияқуғын-сүргін кезінде жазықсыз зардап шеккендердің барлығына құрмет көрсету болып табылады. Зиялы қауымның жарқын өкілдері жойылып, миллиондаған адамдар Қазақстан жеріне күштеп көшірілді. Мемлекет Басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында тарихтағы ақ дақтарды жою, Алаш қайраткерлерінің бай мұрасын зерттеу қажеттігін атап өтті, — деп сөз сабақтаған А.Нүкенов бүгінде саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік және өңірлік комиссиялар жұмыс істейтіндігін тілге тиек етті.
Конференцияға қатысқан академиктер Мәмбет Қойгелдиев, Хангелді Әбжанов, Зарқын Тайшыбай, Жамбыл Артықбаев, журналист-жазушы Төрехан Майбас, саяси қуғын-сүргін құрбандары қауымдастығының төрағасы Жұмабек Ашуұлы және өзге де зиялы қауым сөз сөйлеп, құжаттар мен мұрағат материалдары негізінде жаңа зерттеулер ұсынды.
Алматылық тарихшы Хангелді Әбжанов: – Қазақстан репрессия құрбандарын ақтау кезеңіне аяқ басты. Бір жылда көптеген жұмыстар атқарылды. Мен қуғын-сүргін тарихын зерттеу үшін мемлекеттік мекеме – ғылыми-зерттеу институтын ашуды ұсынамын. Бұл әлемдік трагедия туралы шындықты ашуға көмектеседі. Оны Қарағандыда құру керек, өйткені Қарағанды облысында КСРО-ның ең ірі еңбекпен түзеу лагерлерінің бірі – Карлаг орналасқан еді. Қуғын-сүргін тарихын зерттейтін жақсы мектеп бар, – дейді.
Кездесуді қорытындылаған конференция модераторы, Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ ректоры, академик Нұрлан Дулатбеков: – Біз тарих сабағын нақты түсінуіміз керек. 1997 жылдан бастап жыл сайын Қазақстан 31-мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күнін атап өтеді. Бұл естелік болашақ үшін – барлық ұрпақ үшін қажет, – деп бірде-бір ұсыныс назардан тыс қалмайтынына сендірді.
Сонымен қатар конференцияда жас ғалым Әділет Жағыпар «Алаш» қозғалысының және «Есеп» жастар ұйымының көрнекті тұлғалары туралы өз кітабын таныстырды.
Думан ҚАБЫЛ