Тіл – мемлекеттің тірегі

Тіл – мемлекеттің тірегі, халықтың рухани байлығы, өткені мен болашағының айқын көрінісі. Қай елде, ұлтта болсын қастерлі, қасиетті, құдіретті. Сондықтан ана тілінің қолдану аясын кеңейту, мәртебесін жоғарылату күн тәртібінен түскен емес.

Осыған дейін Тілдер мерекесі 22 қыркүйекте тойланып келді. Ал, 2018 жылдан бастап қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін қалаушы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай 5 қыркүйек болып өзгертілді. Оның өзіндік себебі бар. Бұл күн – «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» деп ұлағатты сөз қалдырған, қазақ халқының тағдыры, тілі үшін күрескен Алаш арысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Асыл азаматты ардақтау арқылы туған тілге деген құрметімізді, ал тіліміздің мерейін көтеру арқылы Ахмет Байтұрсынұлының өлшеусіз еңбегін дәріптейміз, өскелең ұрпаққа насихаттаймыз.

Тілге деген құрмет – халыққа деген құрмет. Әр азамат мемлекеттік тілін меңгеруге міндетті. Елімізді әлемге таныту үшін тіліміздің мәртебесін көтеруге атсалысу – борышымыз. Ол үшін «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, бұл іске бірігіп кіріссек, көздеген мақсатқа жетеміз. Бір-бірімізбен қазақша сөйлессек, әдетке айналып, бұл да бір нәтижеге әкелер. Қазіргі таңда үкімет тарапынан мемлекеттік тілді үйрену үшін барлық жағдай жасалған. Ел Перезиденті өз Жолдауларында мемлекеттік тіл мәртебесін көтеруді атап тапсырған болатын. Мемлекеттік қызметкерлер де мемлекеттік тілді меңгеріп, өздерін дамыту үстінде. Бүгінде күнделікті іс-тәжірибеде көріп жүргеніміздей, қазақ тілі білім мен ғылымның тіліне айналуда. Ата Заң бойынша бір ғана мемлекеттік тіл бар және ол қазақ тілі екенін тағы бір шегелеп айтты. Бұл ана тіліміздің беделін арттырып, қолдану аясын одан әрі кеңейтетініне сенемін.

Мемлекеттік тілдің қоғамдық қызметі – басқару, ақпарат, білім мен тәрбие беру ісі, бұқаралық ақпарат құралдары, құжат жүргізу саласы, қоғамдық-саяси, мәдени мекемелер мен ұйымдарда және басқа да маңызды салаларында жолға қойылуда. Әр мекеме басшысынан бастап, техникалық қызметкеріне дейін тілді үйреніп, күнделікті өмірде пайдалануға бейімделуі керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Болашағын Отанымызбен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюға тиіс. Бұл – отаншылдықтың басты белгісі» деген сөзі елін сүйетін, халқын құрметтейтін, ұлтын ұлықтайтын әрбір жанның есінде болуы тиіс. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деп ақын жырлағандай, ең әуелі құрмет өз тілімізден бастау алса, құба-құп.

Арнат Ізбасар,

ҚарМУ-дың студенті

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *