Тілі бірдің – діні бір
Қазіргі кезде әлеуметтік желілерде қазақ тілі туралы көп жазбалар көзге түсіп жатады. Қарап отырсақ, шынымен де, кей сөздердің жаны бар ма деп қаласыз. Мысал үшін, «Бес орыс отырған жерде, жүз қазақ отырса орысша сөйлейді» немесе «Тек қазақтар ғана қазақ тілін сөздік қорында сақтап, өздері орыс тілінде сөйлейді» деген сияқты ащы да болса шындыққа тура келетін ерекше сөздер кейде жаныңа оттай тиеді.
Иә, бұл біздің тілімізге деген құрметсіздігіміз немесе өз тілімізді сүймегендігімізден емес, тек қана өз тілімізге деген шынайы адалдық пен махаббаттың жетіспеушілігі, тұла бойымызда ұлттық мәдениетіміз бен тілімізге деген рухани байлықтың аздығының дәлелі. Сол себепті де қазіргі таңда әр бала мен жасөспірімдердің бойына ұлтына, еліне, тіліне деген махаббат сезімін оятып, тілге деген мөлдір сезімін қалыптастыра білуіміз керек. Өз тіліміздің мәртебесін арттыра отырып, біздің де тіліміздің өзге тілдер сияқты ерекше орында екенін түсіндіре білу – ең бірінші тұрған мәселе.
Көбінесе жастар қауымы өз тілін бұрмалауға жақын келеді. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпын, бірақ, мұндай адамдар баршылық. Мұны қалада жүрген кезде аңғаруға болады. Қарап отырсақ, қоғамдық көліктерде, адам көп жиналған жерлерде, ойын-сауық орындарында біз ең бірінші өз тілімізге әділетсіздік танытып жатамыз. Бойымызды жалған намысшылдық билеп, ойымызда сан-алуан ойлар қалыптасады. Ең бірінші ойлайтынымыз: «Мен қазір орысша жауап бермесем, мені орысша білмейтін «ауылбай», ұят-ай, – деп айта ма» деген ойлардан өз-өзімізден іштей қатты қысылып, орыс тілінде сөйлеп кетеміз. Мұндай жайт бәріміздің басымызда баршылық. Шындыққа келер болсақ, бұл нағыз жалған намысшылдықтың айқын дәлелі. Біз өз елімізде тұрып, ата-бабамыздан дарыған ана тілімізде сөйлеуге ұяламыз. Өз тілімізді осындай жалған намысшылдықпен жайлап өшіріп жатқанымызды да аңғармаймыз. Өзіміз осындай орны толмас қателіктерге жол бере отырып, өзара өз тілінде сөйлейтін, тұтынушыларына шамасы келгенше қазақ немесе орыс тілінде түсіндіруге тырысатын, көшедегі саудагер өзге ұлт өкілдеріне күлеміз. Айтатынымыз: «Қарашы, қазақ тілінде сөйлей алмайды немесе орыс тілінде қызық сөйлейді екен» деген сияқты сөздер. Ал, өзіміз болсақ, біз де дәл солар сияқты сырт көзге күлкілі көрінетініміз жайлы сәл болса да ойланып, бұл жайтты ой елегінен өткізбейміз де. Олар ешқашан бір-бірімен біздің немесе орыс тілінде сөйлемейді, тек қана өз тілінде сөйлейді және олар өз елінде жүрмесе де, өздерінің тіліне біз сияқты қиянат жасамайды. Біз болсақ, қазақ елінде өмір сүре отырып, өз тілімізде сөйлеуге де ұяламыз.
Осыған байланысты бізге әлі де ұлттық тәрбие, рухани байлық, Отанға, елге деген адал да шынайы махаббат сынды сезімдердің жетіспейтіндігін анық көруге болады. Әр саналы ұрпақ өз тілін құрметтей де құрметтете де білуі керек. Ал, бұл үшін ең бірінші өзі үлгі болуы тиіс екенін естен шығармаған жөн. Өз ойымды Бауыржан Момышұлының сөздерімен түйіндегім келеді. «Тілсізді айуан дейді, тілі кедей елді мәдениетсіз, анайы, надан халық деп санайды». «Ана тілінен бірнеше жағдайлар болып, ажыраған ел «азғын» ел атанып, кейіннен аты өшіп, ұрпақтары бұршақша бытырап, қардай еріп, құмға сіңген судай дерексіз жоғалып кетеді». Иә, ұлтының намысын ұлықтаған Бауыржан Момышұлының бұл сөздерінде қаншама мән, айтылмаған бірнеше ой жатыр. Бұл шағын ғана мақаламда оқырманға ой тастағым келеді… «Өзге тілді ұлықтамай, өз тілімізбен өмір сүрейік!».
Г.Амантай,
Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің
бағдарламашысы.