Тоқ етер сөз айтылды. Енді іс керек
Қаңтар айының басындағы оқиғалар еліміздің тұтастығы мен тәуелсіздігіне қауіп төндірген күрделі кезең болды. Осы кезеңде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев тиімді шешімдер қабылдап, жағдайды тұрақтандыра алғанының куәсі болдық.
Президент өз мәлімдемесінде болған оқиғаларды саралап, бұл дағдарыстан Қазақстанның қуатты әрі күшті мемлекет болып шығатындығына нық сенім білдірді. Мемлекеттік қауіпсіздік мәселесінен бастап, әлеуметтік-экономикалық даму, саяси реформалар кешенін жүзеге асыру бастамасы көтерілді. Мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру, «Самұрық-Қазына» қорының жұ-мысын оңтайландыру, еліміздің қорғаныс қабілетін арттыру, әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін кемелдендіру, пайдалы қазбалардан түскен пайданы оңтайлы пайдалану, экономикада бәсекелестік орта қалыптастыру, аумақтық даму мәселелерін, бюджеттік жоспарлаудың жаңа тетіктерін енгізу секілді бастамалар елдегі жағдайды тұрақтандыруға бағытталған оңтайлы шешімдер екені сөзсіз. Мемлекет басшысы ірі кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру бағытында арнайы қор құрылып, ол қордан түскен қаражатты қоғам тарапынан қадағалау қажеттігін баса айтты.
Енді шетелдік және ұлттық инвесторларды қолдау мақсатында арнайы тұжырымдама әзірленбек. Одан бөлек, мемлекет мойнына алған барлық әлеуметтік міндеттерді орындайтынына кепілдік берілетінін айтқан Президент бас қаладағы ЛРТ және өзге де мәселелердің оңтайлы аяқталуы қажеттігін тілге тиек етті.
Сондай-ақ, 2025 жылға қарай ел аумағында танымал жоғары оқу орындарының кемінде бес филиалын ашу қажеттігін атап өтті.
Қазақстандағы демократиялық реформалар мен қоғамдық келісім тұжырымдамасы диалогсыз орын алмайтыны белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бағытта осы уақытқа дейін жүзеге асырылып келе жатқан шараларға тоқталып, саяси реформаларды жалғастыруды өзінің «принциптік позициясы» екенін жеткізді. Еліміздегі саяси мәдениетті қалыптастыратын диалог алаңдарын одан әрі нығайту Қоғамдық сенім кеңесі секілді органдар жүйесі арқылы жалғасын табатынына сенім білдірді.
Біз ежелден еркіндік аңсаған, «ел іргесі сөгілмесін», «ағайын-туыс, ел мен жер аман болсын» деген халықпыз. Бірлігі мықты елдің озатындығын, бірлігі жоқ елдің тозатындығын естен шығармауымыз керек.
Жақсы, ізгі амал жасасақ, жаңалық ашсақ, өз саламызды дамыту жолында қыруар іс атқарсақ – барлығы ел игілігі үшін! Болашақ үшін! Болашақты жасайтын жас ұрпақ үшін!
Жаңа Қазақстанның болашағын жасау елдің әрбір азаматының қасиетті парызы деп білемін. Мақсатымыз – айқын, бірлесе отырып жаңа Қазақстанды құру, мемлекет басшы-сының реформаларының жүзеге асуына толық қолдау көрсету.
М.Тусупбеков,
Сарышаған орта мектебінің мұғалімі.