Туған жерге тарту
Туған жерге тағзым, кіндік қаны тамған топырақты қастерлеу – қазақ халқының әлімсақтан жалғасқан салты. Ол – ұлттық санамыздағы қастерлі ұғым. Елжандылықтың тамыры – кіндік қаны тамған жерді, өскен өлкені сүю, оған құрмет таныта білу. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан бастау алған «Туған жер» бағдарламасы осыған үндейді. Бұл орайда, туған өлкенің өркендеуіне өздігінен үлес қосып жүрген азаматтар да жоқ емес екені көңіл қуантады. Туған жердің әр түлегі қай жерде, қандай қызметте жүрсе де, атамекен – алтын бесігін бір сәт те естен шығармай, оған мәңгілік қарыздармын деп есептейтіні сөзсіз. Өйткені, азамат бойындағы дарын, қабілет, тектілік сынды абзал қасиеттер ана сүті, әке қаны, туған жердің топырағынан дариды. Елбасы мақаласындағы осы бір құнды бағдарламаны насихаттау мақсатында еліміздің түкпір-түкпірінде ауқымды шаралар мен акциялар ұйымдастырылып келеді. Соның бір парасы, ауданымызға қарасты Қуаныш ауылында құны 2 млн 200 мың теңге тұратын елді мекеннің атауы жазылған белгі орнатылды. Қуаныштағы игі бастамаға ауылдың сыртта жүрген азаматтары мен тұрғындары демеушілік танытыпты.
–Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, қаз басқан қасиетті мекені. Өскелең ұрпақ осындай игі істерден үлгі ала білсе, біз үшін зор мәребе. Ең бастысы, осы белгі ауыл көркін ашып, сәнін келтіріп тұр. Жастарымыздың демеушілігі арқасында ауылымыз көркейіп, дамып келе жатқанын мақтанышпен айтамыз. Шағын елді мекен болса да, ауыл халқы өте ұйымшыл. Осы кезге дейін ауыл имамы Бауыржан Омарбековтің ұйытқы болуымен бірнеше игі істі бірлесіп атқарып келеді. Енді ауыл болып мешіт жанынан асхана салу ойда бар, – дейді Сейфолла Болғанбаев ауылдастарының жарқын бастамасы жайында сұрағанымызда.
«Өлі риза болмай, тірі байымайды» дейді қазақ халқы. Қашанда бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара білген қуаныштықтар ел болып қаражат жинап, ата-бабаларының қорымдарын қоршады. Сауапты іске бір кісідей жұмылған ауыл азаматтарының осынау ізгі амалы кім-кімге болса да үлгі. Ауыл тұрғындарының айтуынша, жалпы 5 млн теңге қаражатқа 1350 метр қоршау алынған.
Думан БАҚЫШ.