ВАКЦИНА АЛУ – ІНДЕТТІ ЖЕҢУ

Жаһанды жалмаған қауіпті вирус еліміздің барлық өңіріне оңайға соққан жоқ. Он мыңдаған адам індет жұқтырып, төсекке таңылды. Олардың 90 пайызы жазылып, қатарға қосылды. Бұл ретте медицина саласы қызметкерлерінің атқарған еңбегі орасан. Олар айлап, үй бетін көрмей аурумен алысты. Өз бастарын қатерге тіксе де, анттарына адалдық танытты. Ел болып жұмылған жүйелі жұмыс жемісін берді. Қазір жағдай біртіндеп қалыпқа түсіп келеді. Негізінен ауру жұқтырғандар мен қайтыс болғандар арасында вакцина алмағандардың басым екенін ресми деректер де растады. Бұл деректерді Денсаулық сақтау министрлігі жариялаған болатын.

Министрліктің таратқан мәліметіне сәйкес, жүргізілген ақпараттық жүйелерді талдау нәтижесі COVID-19-дан қайтыс болғандардың арасында вакцина алмағандар үлесі 97,7% екенін көрсетті. Осының өзі вакцинаның тиімділігі мен қауіпсіздігінің дәлелі болса керек. Кез келген вакцина емдік препарат емес екенін ескерген маңызды. Ол аурудың алдын алады.

Жалпы вакцина — инфекцияның алдын алудың және болдырмаудың құралы. Ұжымдық иммунитет өз кезегінде медициналық қарсы көрсеткіштері бар екпе алмаған адамдарды, балаларды, жүкті әйелдерді халықтың инфекцияға қарсы профилактикалық екпемен қамтудың шекті деңгейіне жету арқылы қорғайды.

Қыркүйек айының 6-сы күні Қазақстанның бас санитар дәрігерінің COVID-19 індетіне қарсы вакцинаны алмаған қызметкерлерді жұмысқа жіберуді шектеу туралы жаңа қаулысы жарияланды. Маңызды құжатта нысандар мен мекемелердің қызметкерлеріне екпе алмаған жағдайда бетпе-бет режимде жұмыс істеуге рұқсат берілмейтіні айтылған. Осы орайда тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар және соңғы 3 ай ішінде індет жұқтырып айыққан адамдарды қоспағанда, екпе паспорты жоқ жұмыскерлер күндізгі режимде жұмыс істей алмайды. Егер де вакцина алмаған адам офлайн форматта жұмыс істегісі келсе, апта сайын ПТР тапсыруы қажеттігі көрсетілген.

Covid-19 қарсы вакцинациядан кейін ауру жұқтыру мүмкін бе? Мамандардың айтуынша, дұрыс жасалған вакцинация вирусқа төтеп беру үшін иммундық жүйені жаттықтыруға көмектеседі. Егер екпеден кейін инфекцияны жұқтырсаңыз, ауру әлдеқайда жеңіл түрде өтеді. Бірақ симптомсыз науқастар инфекция таратушы болуы мүмкін. Сондықтан вакцинациядан соң да әлеуметтік ара қашықтықты сақтап, бетперде киген жөн. Қазіргі уақытта жер бетінде халықты вакцинациялау коронавирустық инфекцияның таралуын тоқтатудың және пандемияны жеңудің жалғыз тиімді әдісі болып саналуда. Вакцинацияға қарсы топтың айтатын уәжінің бірі – екпеден кейін де адам коронавирус жұқтырады. Негізі вакцина алғандарға ешнәрсе зиян тигізе алмайды деген пікір – қате. Вакцинаның міндеті – инфекция жұқтырған жағдайда оны жеңіл өткеру. Әрине, вакцинаға үлкен үміт артамыз, өйткені індетті тоқтатудағы ең тиімді әдісі – вакцина салдыру.

С.Абишева,

Сарышаған кенті

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *