Қылқаламның қас шебері

Қазақстанның бейнелеу өнерін әлем елдеріне танытқан Қазақ ССР-інің халық суретшісі, әйгілі Әбілқан Қастеев екендігі баршаға аян. Сол Әбекеңнің сыңарындай болып, қылқаламмен ғажайып туындыларды, әсіресе портреттік жанрды тума талантымен жетік меңгеріп, КСРО суретшілер Одағының мүшесі болып, артында мол мұра қалдырып, өзінің екі бірдей ұлын суретшілікке баулып, суретшілер әулеті атанған Ақтоғай топырағының тумасы, Қарағандылық Райымқұл Есіркеев ағамыз болатын. Өткен жылы  әуесқой суретшілікпен бастап, дарынды кәсіби суретшілік деңгейін бағындырған Райымқұл ағамыздың туғанына 100 жыл толуын облыстық бейнелеу өнері музейінде сән-салтанатымен атап өткен болатынбыз. Ал Астанадағы Тәуелсіздік символы деп аталған «Қазақ елі» монументінің авторы, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, Сембіғали Смағұловтың да Ақтоғайлық екендігі бәріміз үшін ортақ мақтаныш.

Кезінде Одаққа белгілі болған Қазақ халқының даңқты перзеттерінің бірі, КССРО суретшілер одағының, КССРО кинематографистер одағының мүшесі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ КСР-інің халық суретшісі Сахи Романовтың да кіндік қаны Ақтоғайда тамғанын білгенде бұл өңірді бейнелеу өнерінің қара шаңырағы деп атауға болатындығына көзіміз әбден жеткен еді. Сол қылқаламның қас шебері Сахи ағаның туғанына өткен 2021 жылы 95 жыл толуына орай Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейі, Ақтоғай аудандық музейінің қорында сақталған түп нұсқа шығармаларынан бірлесіп көрме өткізген болатын. Көрменің ашылу салтанатына Е.А.Букетов атындағы Қарағанды Университетінің профессоры Гүлбаршын Белгібаеваның жетекшілігімен Педагогика факультетінің студенттері келіп қатысып, дара тұлғаның туындыларын тамашалап ерекше әсерге бөленген еді. Қарағандылық қылқалам шебері, Қазақстан Республикасы «Мәдениет қайраткері», Қазақстан Республикасы Көркемөнер академиясының академигі Мұрат Қалқабаев, танымал өнертанушы профессор Лариса Романовна Золотарева, Мейрам Есіркеевтер де өз пікірлерімен бөлісіп бағасын берді. Осы көрмені ұйымдастыру барысында Сахи аға туралы ізденіс үстінде жүріп, 2014 жылы Астанадағы «Нұр-Алаш» қоғамдық қорының директоры, Иран Ермеков пен Білім министрлігінің республикалық, ғылыми-практикалық «Дарын» орталығының директоры Шолпан Қирабаеваның қолдауымен Республикалық оқушылар сарайының көркемөнер галереясында өткізілген көрменің деректі материалдарына тап болған едім. Сол аса маңызды көрменің салтанатын ашқан мәдениет пен өнердің майталманы Қайырбек Изатбекұлы өз сөзін:-Сіздер Арқадағы Ақтоғайдың нағыз тұлғаларының бірі-Сахи Романовтың қыл қаламмен жазылған талантты туындыларымен танысқалы тұрсыздар,- деп бастаған екен. Көрменің құрметті қонағының бірі, Е.Ұ.У-нің «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры, ғылым докторы, профессор Дихан Қамзабекұлы:-Ақтоғай ауданы Астанаға рухы биік салтанатпен көшіп келгендей әсер алып тұрмын. Сахи ағамыз көркем сурет өнерінің классигі. Сіздердің қолдарыңызда баға жетпес құнды мұралар тұр. Енді оған қызығушылар көбейеді. Қырағылықпен сақтаңыздар,-десе, мемлекет тарихы институтының бірінші орынбасары, тарих ғылымының докторы Жанна Үркімбайқызы:- Сахи ағаның бұл қолтаңбалары әлемдік деңгейде бағаланатын көркем өнер шедеврлары. Сондықтан да кең көлемде насихаттай беру керек,-депті. Ал, филология ғылымының докторы, профессор Күләш  Керімбекқызы: -Мұндай ғажапқа тап боламын деп ойлаған емеспін. Өйткені, мен Сахи ағаның шығармашылығын зерттеумен ертеден шұғылдандым. Ол кісінің қасиетті шеберханасы қызы Жайранның иелігінде қалған. Жекелеген туындылары әр жерлерде қолданыста жүр. Ал мынау түпнұсқа мұраларының сақталуын Сахи ағаның өзі болмаса да көзі деп бағалап тұрмын. Сіздердің бүгінгі тарихи шараларыңыз мені қатты толқытты. Мен Сахи ағаның басқа да мұраларын іздестіріп Ақтоғай музейіне топтастыруға көмектесемін,-деп уәдесін беріпті.

Ал, Қазақстан Республикалық суретшілер Одағы мүшелерінің бірегейлері, Сахидың ізбасары Қалиолла Саматұлы:-Астанада бейнелеу өнеріміздің классигі Сахи Романов ағамыздың көрмесін жасақтаған азаматтарға мың да бір рахмет! Бұл суретшінің шығармашылығының алғашқы кезеңінде салынған қолтаңбасының төл туындылары, өз көрермендерін ерекше әсерде қалдырды,-десе, Қазақстан суретшілер Одағының мүшесі Өмірбек Әбдібайұлы:-Сахи ағамыз Алматы көркемсурет институтының 1986 жылы бітірген түлектерінің диплом қорғау комиссиясының төрағасы болған еді. Менің дипломдық жұмысыма «4» деген баға қойды. «Өмірбек, сен бағаға қызықпа, еңбек ет, сурет сал, сонда нағыз жемісін көресің» деді. Айтқанындай мен 1987 жылы СССР дизайнерлер Одағының мүшесі болдым. Өте қарапайым кісі болатын. Диплом қорғау комиссиясы аяқталғаннан кейін институт бітіруші барлық түлектерді өзінің шеберханасына шақырып, шаймен сыйлап, батасын берген еді,- деп ағынан жарылыпты.

Республика өнеріне танымал суретші Ерлан Назаркүл:-Сахи ағаның суреттері өзінше бір әлем. Мен Сахи ағаның «Жайлаудағы кеш» деген суретін журнал бетінен көшіріп салған едім. Енді сол суреттің түпнұсқасын осы жерден көріп таңғалып тұрмын,-деп тебіреніпті.

Суретшілер Б.Тұрдесбеков, А.Юсупова мен Л.Садықовтар:-Қазақ өнерінің  классигі Сахи ағамыздың шығармашылығының бүгінгі көрмесі өте ұнады, біздерді ерекше әсерде қалдырды, мұнымен шектелмей бұл мұраларды Алматыдағы Әбілхан Қастеев атындағы республикалық өнер музейінде де өткізсеңіздер Сахи ағамыздың рухы риза болар еді,-десе, Астана төріндегі Тәуелсіздік символы болған «Қазақ елі» монументін жасаған  Қарағандылық суретші-мүсінші Сембіғали Смағұлов:-Суретшілік өнер біздерге Ақтоғайдың топырағынан дарыған екен, біз Сахи ағамыздың ізін жалғастыруды парыз санаймыз деген толғаныспен тарасқан екен. Қазақ бейнелеу өнерінің тұғырлы тұлғаларының бірінен соң бірінің топ жарып, Ақтоғай өңірінде дүниеге келіп, әрісі әлем жұртшылығына, берісі республикаға танылып, өздерінің бақтарын қылқаламның құдыретімен сынауы кездейсоқтық болмаса керек. Солардың ішінде атақ пен абырой-даңқтан кенде  емес, алайда туған жерім Ақтоғай дегенді ғана жалғанның жүзінде жүріп, әрең тапқан азаматтың тағдыр құпиясы жұртшылықтан өзін жатырқамай бауырына тартуды қалап тұрғандай. Ендеше өнерімен жаһанды мойындатқан Ақтоғайлық Сахи Романовқа өзінің баға жетпес төл туындыларының түпнұсқаларын сыйға тартқан туған жеріндегі аудандық музейдің атын беру туралы орынды ұсынысқа облыстық бейнелеу өнері музейі  ұжымы да қолдау білдіреді.

МЕЙРАМГҮЛ  ЕЛУБАЕВА

Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейі

 ғылыми-әдістеме бөлімінің басшысы.

Қарағанды қаласы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *