Зайырлы мемлекеттің негізін құраушы принциптер
«Зайырлылық» сөзінің мәні мемлекеттің діннен, діннің мемлекеттен бейтараптылығы және ар-ождан бостандығы. Зайырлылық сипаты — ізгілік пен қажеттілік. Өркениетті елдер зайырлылық дәстүрін таңдауда. Зайырлылық азаматтарға дін мәселесінде еркіндік береді. Еліміз зайырлы мемлекет болуына байланысты, ресми түрде діндерге мейлінше бейтарап қарайды: ол діншіл де, дінге қарсы сипатқа ие де емес. Жалпы әлемде зайырлылықтың үш түрлі үлгісі қалыптасқан: 1. Зайырлылықтың бірінші үлгісі – атеистік үлгі. Оның көрнекі мысалы халқымыз бастан өткерген кеңестік режимді орнықтырған КСРО болып табылады. 2. Зайырлылықтың екінші үлгісі – сепаратистік үлгі. Бұл үлгі діни қауымдастықтардың мемлекеттен бөлінгенін және заңнамада қандай да бір діннің немесе конфессияның ерекше құқыққа ие болмайтынын негізге алады. 3. Зайырлылықтың үшінші үлгісі – таңдамалы негіздегі үлгі. Бұл үлгі қоғам үшін ерекше құнды болып табылатын, конституциялық деңгейде анықталатын діни басымдықтарды басты тірек етеді. «Зайырлы мемлекет – діни институттардан (діни басқармалардан) бөлінген, мемлекеттік шешімдер діни негізде емес, азаматтық, яғни діни емес нормалар негізінде қабылданатын мемлекет. Зайырлы мемлекетте әрбір азамат дін мен діни институттарға жүгінбей өмір сүре алады. Мысалы, үйлену, ажырасу және өлім актілерін тіркеу, сондай-ақ, сот төрелігін атқаруды діни институттар емес, мемлекеттік мекемелер жүзеге асырады. Елдің барлық азаматтары дініне қарамай, заң алдында тең саналады. Батыстық зайырлылық пен посткеңестік зайырлылық ұғымдарының қалыптасуы мен жүзеге асуында үлкен бір ерекшелік бар. Ол – діннің мемлекетке тигізер ықпалы. Батыс елдері зайырлылықты шіркеу мен руханилардың ықпалынан құтылу, яғни секуляристік ұстаным негізінде қабылдады. Ал посткеңестік елдердегі зайырлылық принциптері атеизмнің идеологиясы мен саясатынан құтылу, дінсіздіктен арылу жолында қалыптасты. Елімізде зайырлылық принципі бойынша билік органдары діни бірлестіктердің ісіне араласпайды, алайда, олардың қызметі ҚР «Азаматтық кодексі», «Қылмыстық кодексі» және «Діни бірлестіктер және діни қызмет туралы» Заңы бойынша қадағаланады. Қаншалықты барлық дін өкілдеріне бірдей құқық берілген, соншалықты олар заң алдында бірдей дәрежеде құқықтық жауапкершілікке тартылады. Зайырлылық – әлем елдерінің басым бөлігінің таңдауы, қоғамдық тұрақтылық пен келісімнің кілті.
Ақтоғай ауданының ішкі саясат бөлімі.