Өзекті сауалдарға нақты жауап
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тарихта «Қасіретті қаңтар» атауымен есте қалатын тәртіпсіздіктерден кейін алғаш рет егжей-тегжейлі сұхбат беріп, көптің көкейінде сансыз сауал қалдырған жағдайларға қатысты жауабын берді. Сұхбаттың ерекшелігі – тәртіпсіздік кезінде ескертусіз оқ атуға рұқсат етуге, Еуропарламенттің еліміздегі оқиғалар бойынша қарар қабылдап, халықаралық тергеу жүргізуді талап еткенде, өзімізде де адал әрі әділ мамандар бар екенін алға тартып, «тергеу жүргізу өзіміздің де қолымыздан келеді» деп, бас тартуына, ҰШҚБ бітімгершілерінің шақырылуына қандай себептер әсер еткені, нені басшылыққа алғаны жайлы жан-жақты айтылатындығында.
Президент телеарнаға берген сұхбатында «Болашақ» бағдарламасымен техникалық мамандарды Ресейде оқыту жөнінде пікір білдірді. «Әрине, ешқандай міндеттеу жоқ, мен жай ғана Ресейге оқуға жіберген дұрыс деген жорамалымды айттым. Біз стратегиялық серіктестер болғандықтан, бірлескен кәсіпорындар, оның ішінде ірі бизнеске қатысты кәсіпорындар бар, бізге Ресейде оқитын техникалық кадрлар қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен бірге, Мемлекет басшысы Батыстың оқу орнының дипломының болуы жоғары білім көрсеткіші еместігін атап өтті. «Бірақ, онда өзіндік айрықша білім бар екенін түсіну керек. Одан бөлек, мен батыстық білімді дәріптемес едім. Онда да өз проблемалары бар және біз Батыс университеттері де диплом шығаратын кеңселерге айналып жатқанын білеміз. Ақшаны төле де, біраз уақыттан кейін дипломды ала бер, кейбір жастарымыз мұны пайдаланып жүр», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жалпы, еліміздің жастарға жасап жатқан мемлекеттік қолдауы аз емес. «Болашақ» халықаралық стипендиясы 1993 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ресми мәліметтерге сүйенсек, аталған стипендия бойынша 14 мыңнан астам қазақстандық мұхит асып, шетелде білімін жетілдіріп келген. Бүгінгі таңда «Болашақ» қарапайым жастардың дүниенің төрт бұрышына барып, «инемен құдық қазып» қайтуына жасалған теңдессіз мүмкіншілік. Оған қоса, дәл «Болашақ» секілді бағдарламаның баламасы әлемде некен-саяқ. Бұл – жастарға қанат бітіретін бағдарлама.
Сондай-ақ, Президентіміз қазіргі жастардың қызығушылығы жөнінде де өз пікірін білдірді. «Қазір адамдар TikTok пен Facebook-ті қарайды. Бірақ, олардың 1 беттен артық ақпаратты оқуға шыдамы жетпейді. Олар ақпаратты тек мәтін түрінде емес, визуалдық күйде тұтынады.
Бұл – үлкен проблема. Өкінішке қарай, әлде мүмкін бақытымызға орай деуіміз керек те шығар, біз де осыған бейімделуіміз керек», – деді Президент. Меніңше, сұхбатта өзекті мәселелер төңірегінде Президент барлық сауалдарға жан-жақты жауап берді. Әрине, қиын күндер артта қалды. «Қаңтар қасіреті» енді елімізде ешқашан қайталанбасын дейміз. Президентіміз Қазақстанда дамудың жаңа кезеңі басталатынын айтты.
Н.Өміржанова,
ауданның жастар ресурстық орталығының маманы.