Жұмыла көтерген жүк жеңіл
Жығылғанға демеу, сүрінгенге сүйеу болып, мұңдыға қолдау көрсету адами асыл қасиет. Бұл– ретте қазақ қоғамының біріне-бірі көмек қолын созуы үйреншікті әдет. Бұл жолы да елдегі Атымтай жомарттар блок бекеттер мен түрлі нүктелерде қоғам тыныштығын күзетіп тұрған әскерилер мен тәртіп сақшыларына ыстық тамақ таратып, ізгілікті іске мұрындық болуда. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, игі бастамадан ақтоғайлықтар да құралақан емес.
Елдегі төтенше жағдайға байланысты Ақтоғай-Қарағанды тас жолы бойындағы блок бекетінде тікесінен тік тұрып, күндіз-түні дамыл таппай жұмыс істеп жатқан полиция қызметкерлеріне аудандық жастар ресурстық орталығы және кәсіпкер Сәттар Дуанбеков ыстық тамақтар мен сусындар үлестірді.
Ақтоғайлық арда азаматтар пандемия кезінде де тәж тажалдың өршіп тұрған шағында қайырымдылық шараларын өткізуде белсенділік танытқан болатын. Бұл жолы блок бекеттердегі қызметкерлерге ас-ауқат таратып, көмек қолдау көрсетуде.
Осындай сын сағаттарда қарап қалмай, қолдан келгенше елдегі ахуалды тұрақтандыруға үн қосқан жастар мен кәсіпкерлеріміздің бұл ісі көпке үлгі боларлық.
Өз тілшімізден