Жаңа Қазақстанды құруға жаңа қадамдар

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті Жолдауында отандастарымыз, соның ішінде ел жастары үшін аса маңызды мәселелерге тоқталды.
Қазір елімізде кейінгі толқынның әлеуметтік-мәдени бейімдеу мәселелерін шешу және жастардың бәсекелік қабілетін дамыту өзекті болып отыр. Бұл ретте жастардың жұмысқа орналасуы басты назарда. Осыған байланысты Мемлекет басшысы тиісті шараларды жүзеге асыруды тапсырды. Мұның негізгі шешімі кәсіпкерлікпен айналысу екені анық.
– Жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндетінің бірі. Еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жасқа жұмыс беруіміз керек. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетіле бермек. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Бұл шаралар қоғамның барынша үйлесімді әрі әділетті болуына ықпал етеді, – деді Президент.
Президент жастар мәселесін әркез назарда ұстап келеді.
Өскелең ұрпаққа қатысты маңызды мәселелерді көтеріп, қалыптасқан жағ-дайды ашық айтады. Айтып қана қоймай, пайда болған мәселенің шешу жолын да ұсынады. Бұл қадам, ең алдымен, жастар арасындағы жұмыссыздықты жоюға серпін беретіні сөзсіз. Президенттің бұл ұсынысын қолдаймын. Себебі, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау кәсіп ашқысы келетін жастарға үлкен көмек болады. Сондықтан, мемлекет жастарға беретін мүмкіндікті шектемегені жөн.
Жастарды жұмыспен қамту мәселесін бір емес, бірқатар ведомство қолға алуда. Оларға түрлі ақыл-кеңес беріп, бірқатар жобаларға грант бөледі. Жеке кәсібін бастағысы келген жастарды оқытады. Яғни, бұл бағытта бұрыннан бері жүйелі жұмыс жүргізілуде. Жалпы, бұған дейінгі жылдарда жастар саясатына қатысты жүйелі іс-тәжірибе қалыптасқан.
Соның нәтижесінде биыл еліміздегі жұмыссыз жастардың деңгейі 4%-ға төмендеген. Ендігі кезекте оның аясын кеңейту қажет.
Жолдауда ұсынған реформалардың барлығы жаңа жағдайда еліміздің дамуына тың серпін беретін озық әрі дер кезінде қолға алынған шараларды қамтыған. Жолдау еліміздің одан әрі дамуының бағытын айқындайды. Мемлекет басшысы өз Жолдауында су ресурстарының тапшылығы, жол жөндеу, ауылдағы медицинаны дамыту, пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару және басқа да халықты толғандыратын өзекті мәселелердің барлығын қамтыды.
Ел экономикасының дамуы қашанда қарапайым тұрғындардың әл-ауқатының өсуінен көрінеді. Ал, тұрғындардың әлеуеті ең әуелі олардың табыс көлемінің артуына байланысты екені анық. Жолдау жүктеген міндетке сай алдағы уақытта бұл мәселе де біржақты болуы тиіс.
Президент Жолдауы шеңберінде алда атқарылар жұмыс көп, ол бойынша іс-шаралар жоспары жасалатыны да заңды. Жолдаудың әр сөзі халыққа керекті мәселелерді қамтиды. Еліміздің тағдыры – біздің тағдырымыз, еңсесі биік, тұтқасы берік еліміздің алға қойған мақсаттары орындалады деп сенемін.

Ш.Сакимбаева,
Тасарал ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *