Жаңа Қазақстанның жарқын болашағы – жас ұрпақ

«Балаларға ерекше назар аудару керек. Себебі, олардың амандығы – мемлекетіміздің жарқын болашағының сенімді кепілі».

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Әр шаңырақтың шадыман-шаттығы баланың бақытымен баянды. Кемел елдің іргетасы, ұлттығының асыл ұйытқысы жас ұрпақ тәрбиесімен өлшенбек. Тәуелсіз еліміздің биылғы жыл бастауы «Балалар жылы» болып белгіленді. Бұл үндеудің астарында ұлт болып ұйысу, ұрпақ тәрбиесін қоғамнан тыс қалдырмау мәселелері қамтылған сынды. 1-маусым – Балаларды қорғау күніне орай Тораңғалық ауылдық округінің мәдениет үйінде 7 және 12 жас аралығында «Әнші балапан» байқауы ұйымдастырылды.

Кейінгі жылдары мәдениет үйі мен мектеп жанынан ауыл жастарының ұйымдастыруымен спорттың күрес түрінен және өнерлі балаларды ән-күйге баулу мақсатында үйірмелер ұйымдастырылып, жас бүлдіршіндеріміз үлкен қызығушылық танытуда. Сол еңбектердің нәтижелі жеміс беріп жатқанын бүгінгі бүлдіршіндер арасындағы ән бәсекесінде байқадық. «Әнші балапан» байқауына 18 оқушы қатысты. Балаға тән нәзіктікті бойларына жинаған әнші балапандарымыз бірінен-бірі өтеді. Сахнада жүру, ән әуенін тиімді пайдалану сияқты сындардан сүрінбей өтуге талпынған талпыныстары көрермендерін мейлінше тәнті етті.

Байқау соңында З.Жабайыр І орынға табан тіресе, дуэт болып шыққан қос қызымыз Д.Ерболқызы мен Ү.Әріп ІІ орынға ие болып, ІІІ орынға Ж.Бірлес лайық деп табылды. Жеңімпаз бүлдіршіндерге грамота және арнайы сыйлықтар табысталды. Байқауға қатысқан 18 оқушыға Ақтоғай, Балқаш өңіріне танымал кәсіпкер, «Нұрасыл» фирмасының жетекшісі А.Төребеков демеушілік етті. Балаларды қорғау күнінде өткен шараға демеушілік жасап, мәрттік танытқан жеке кәсіпкерлер Г.Түйтебаева мен А.Төребековке Тораңғалық ауылының тұрғындары дән риза.

Б.Ештанаева,

«Ақтоғай аудандық орталықтандырылған кітапханалар

жүйесі» Тораңғалық мобильді ауылдық кітапханасының

кітапханашысы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *