Жаңалығы мол Жолдау
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Онда елімізді саяси-экономикалық және әлеуметтік тұрғыда реформалауды тереңдетуге бағытталған ауқымды жоспарын ұсынды. Бірқатар маңызды міндеттер қойып, тың бастамалар көтерді. Бұл Жолдау ел дамуының жаңа міндеттерін айқындап берді. Ұлттық рухты оятатын, үлкен өзгерістерге бастайтын, жаңа серпін және жаңа екпін беретін бұл Жолдауды тарихи Жолдау деп айтуға әбден болады. Ел басшысы мемлекетіміздің саяси бағыттағы жаңғыру үдерісіне қатысты мына мәселелерге арнайы тоқталды. Ендігі жерде Президент ешбір саяси партияларға мүше болмайды. Сонымен бірге облыс, аудан басшылары мен орынбасарлары да партия филиалдарын басқарудан босатылады. Екіншіден, президент билігімен бірге Парламент құзыреттілігі де күшеймек. Яғни, Мәжілістің ел заңдарын шығару және бекіту өкілеті кеңейе түседі. Мәжіліс қабырғасында құрылатын «аудиторлық палата» үкімет пен экономикаға жауапты мекемелерден жылына екі рет есеп алып отырады. Бұл өз кезегінде экономикалық және қаржылық жемқорлықты азайтуға өз септігін тигізбек. Үшіншіден, жаңа Қазақстанды дамыту үшін өз идеяларын ұсынатын партия қатары көбейеді. Тағы бір қуантарлығы, алдағы сайлауларда 70 пайыз пропорционалдық және 30 пайыз мажоритарлық жүйе бойынша жергілікті кез келген азаматқа Мәжіліске немесе мәслихатқа депутат ретінде сайлануға құқық беріледі. Төртіншіден, Қазақстан азаматтарының құқын қорғау, заң аясында әділеттілік орнатуды қамтамасыз ету мақсатында Конституциялық сот құрылады. Бұл да еліміздің демократиялық жаңару жолындағы құтты қадамдарының бірі деп ойлаймын. Сонымен қатар, Президент еліміздің әкімшілік-территориялық құрылымына байланысты өз ұсыныстарын жеткізді. Мемлекет басшысының арнайы жарлығы шыққаннан кейін жақын уақытта Ұлытау, Абай және Жетісу облыстары құрылатын болады. Олардың орталығы Жезқазған, Семей, Талдықорған қалалары болып қала береді. Ал, Алматы облысының орталығы Қапшағай қаласы болып белгіленді. Ел басшысы бұдан басқа да халықтың көкейінде жүрген бірқатар келелі мәселелерге тоқталып, Үкімет пен Парламентке тиісті тапсырмалар жүктеді. Президент өзінің Қазақстан халқына адал қызмет ететініне сендіре отырып, әрбір азаматты байтақ еліміз бен жеріміздің болашағы жолында жұмыла үлес қосуға шақырды. Ел дамуы үшін жасалынып жатқан нақты жұмыстар бүгінде жұртшылықтың көңілінен шығуда. Мемлекет басшысының бастамаларын толық қолдай отырып, бұл Жолдау бүкіл халық үшін қуатты жұмылдырушы бастама болатынына сенімдімін. Жолдаудың міндеттерін іске асыру Қазақстан дамуындағы ауқымды серпіліс үшін мүмкіндік болады деп сенемін.
Т.Таукеев, «AMANAT» партиясы Ақтоғай аудандық филиалының атқарушы хатшысы.