Жаңашылдыққа бет бұрған білім ұясы
Бүгінде елімізде білім берудің мазмұны жаңарып, жаңаша көзқарас пайда болды. Осыған байланысты ұстаздар алдында оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жаңартып отыру және технологияларды меңгеру, оны тиімді пайдалану міндеті тұр.
Күні кеше аудан орталығындағы ауыз толтырып айтуға тұрарлық ілкімді істің куәсі болдық. Білім беруді тұрақты дамыту қоры, кәсіпкер-меценаттар мен «Қазақстан Халқына» қоры бас бірік-тіріп, «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасының аясында Ақтоғай ауылындағы К.Байсейітова мектебінің материалдық техникалық базасын бастан-аяқ жаңартып, жаңаша білім беруге бет бұрған мектеп ұжымына қолдау білдірді.
Ұлттық идеяның төңірегіне ұйысқан азаматтардың еңбегінің нәтижесінде жаңғырып, қайта түлеген білім ордасының таныстырылымына Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Е.Әліқұлов, «Білім беруді тұрақты дамыту» қорының директоры Д.Тоқтарбаев, «Қазақстан Халқына» қорының ресми өкілі Д.Бейсенбек, «Aitas» Холдингінің әлеуметтік бағдарламалар жөніндегі вице-президенті К.Верба және аудан әкімі С.Әбеуова, аудандық білім бөлімінің басшысы С.Жүнісов және мектеп ұжымы қатысты.
Аталмыш мектеп бас-аяғы 2 ай мұғдарында қажетті материалдық-техникалық базалармен жабдықталды. Мектептің бірінші қабатында кіреберісте үлкен интерактивті тақтада барлық сыныптың сабақ кестесі мен ұстаздар тізімі және басқа да ақпараттар көрсетілген. Сол арада аялдаған ел ағалары «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы жөнінде аз-кем ақпарат берді. Бұдан әрмен алқалы топ қазіргі заманғы стандарттар бойынша барлық қажетті жабдықтармен қамтылған «Intellectum» студиясы, STEM зертханасы, ART студиясын және өзге де пәндік сыныптарды аралап, жаңа құрылғылармен танысты.
– Мектепте 378 бала оқиды және 49 педагог жұмыс жасайды. Аудан іргесіндегі ауылдардың төрт магниттік мектебі орналасқан, біз олармен тығыз қарым-қатынас орнатып отырмыз. Біз-дің алға қойған негізгі мақсатымыз ауылдағы оқушылардың заманға сай зейінін ұштап, білім сапасы жағынан қала оқушыларымен тең дәрежеде болу. Біздің мектептің оқушылары бұған дейін талай мәрте республикалық, облыстық, аудандық байқауларда бағын сынап, жүлделі орындарды қанжылаған. Енді бізге бұдан да жоғары нәтижеге қол жеткізудің мүмкіндігі туып отыр. Біздің ұжымға материалдық база мен әдістемелік нұсқау жағынан қолдау білдіріп отыр. Оқу жабдықтарынан бөлек, спорттық жабдықтар да толығымен жаңартылды. Біз алдағы уақытта Қарағанды қаласының НЗМ мен қоян-қолтық жұмыс жасап, мамандардың әдістемелік көмегіне жүгінетін боламыз, – деді К.Байсейітова мектебінің директоры Қ.Амралина.
Шара соңынан қонақтар халықаралық ән байқауларында топ жарып жүрген «Әуен» ансамблінің өнерін тамашалады. Сонымен қатар, аудан әкімі С.Әбеуова осы істің жүзеге асуына ат салысқан азаматтарға барша аудан тұрғындары атынан алғысын білдірді.
– Жаңғырудың екі түрі бар: біріншісі – инфрақұрылым, екіншісі – сана. Кез-келген ұжымның жаңа-шылдыққа бет бұруға, өзгеруге дайын әрі бейім болуы қажет. Ақтоғайдағы ұстаздар қауымынан біз мұны көріп отырмыз. Педагогтар шығармашылықпен жұмыс жасауға, алға жылжуға ұмтылады. Жобаның бірінші кезеңі өз мәресіне жетті. Мектепті жабдықтауға және білім беруді талдауға екі ай уақыт кетті. Алда НЗМ әдіснамасы мен тәжірибесін енгізу арқылы білім беру сапасын арттыру жұмысы күтіп тұр, – деді «Білім беруді тұрақты дамыту» қорының директоры Д.Тоқтарбаев.
Қор мұнымен тоқтап қалмай, келесі жылы Қарағанды облысының тағы бірнеше ауылдық мектептері жобаға қатысатын болады деп уәде берді.
Е.АЙТЖАН.