Жақсылар жақсымын деп айта алмайды…
Бал дәуренді балалық шақта бәрін көріп білуге құлшынасың, ер жеткенде көкірек көзіңмен қабылдағандарыңды санаңда сараптап, түйсігіңмен екшелеп түгендейсің. Егделей келе сараңдық деген кесапат пайда болып, қолыңды ғана байлап қоймай, ойыңды да жаулай бастайды. Мен ғана жақсымын деп масаттанасың. Жаныңда жүргендердің бәрінің сенен де жақсы екенін бағалай бермейсің. Өйткені, көлеңкең болып қасыңнан екі елі қалмайтын өзімшілдік деген бақталасың бой бермейді. Бір көтеріліп, бір түсіп, бір шалқайып, бір еңкейіп арпалысумен жүріп қартайғаныңда жан жақындарыңның қадіріне жете алмағаныңа өкінесің. Сөйтіп, өзіңнің қадірлі шал болғаның жаны жайсаң жақсылардың арқасында екендігіне тәуба келтіруге мәжбүр боласың. Жақсының жақсылығын айтып жеткізу әр пенденің көңіл нұрын тасытатын амалдың бірі екендігін парыз санайсың. Өмір деген көш-керуеннің қызығы мен қиыншылығында қасымда бірге жүрген дос- жолдастардың бәрінің есімі қымбат. Алайда, ес білгеннен Кенелінің көк шалғынына бірге аунап, Түлкілінің көк мұзында бірге сырғанап, бірінші классқа бірге барып, сегіз жыл бойы ең алдыңғы партада қатар отырып, қорғаушым да, қолдаушым да болған, ақылы таусылмастай тұрлаулы, ашуы қатты адуын, қолы ашық, жаны жомарт Қайырқұлды аузыма алсам Аққойтас пен Қарақойтастың тау-тасы жарыса жаңғырып тұрғандай сезіледі.
Біз оқыған Жамбылдың бастауыш мектебі ауылдан сәл шалғайлау жерде орналасқандықтан қыстың қалың омбы қарын Қайырқұл бірінші бұзып із салып, үнемі жол бастайтын. Мен үшін сол жолбасшылығының мектеп қабырғасында ғана емес, өмір бойына жалғасқанына куәгермін. Қайрекең сабақты жақсы оқыды. Ауыл мектебіндегі интернаттың тектісінің де, тентегінің де көш басынан табылды. Оқушылар арасындағы күресте жан шақ келтірмейтін балуан болды. Сондағы бастан өткен көп аусарлықтың бірін айтсам деймін. Ауданда 8-ші класста оқып жүргенде дымқыл болып қоймаға өтпей, колхозға қайтарылған жүннің үстіне ұрланып мініп шөпші ауылға барып, елге көрінуге ұялып, түнімен престелген жүннің арасында тығылып жатып, сабақтан қалып, ертеңінде аштан-аш қайтып оралғандығымыз туған ауылға деген аңсау мен сағыныштың салдары болар. Бес жыл сұрапыл соғыста жаумен шайқасып жүріп, бір қолын снарядтың жарықшағына беріп, майданнан жараланып оралған әкесі Үйсімбай ақсақалдың артында «таза Жамбыл былай шық» деген ұранды сөз қалдырып, құтты қонысы болған Жамбыл ауылының тұсынан басқа таудың қасқырын да жүргізбейтін бет қаратпас өршіл, намысқа берік елшіл азамат болғандығы аңыз болып айтылып қалған. «Әкеге тартып ұл туса екен, әке жолын қуса екен» дейтіндей қайырымдылығы мен жанашырлығы, өзінің бас пайдасы үшін дүние қумайтын тәубашылдығы, тура сөзден таймайтын мінезінің табандылығы Қайырқұлға дарыған десек, ал әкелі-баланың бет-келбетінің аузынан түскендей аумайтындығы таң қаларлық құбылыс. Калинин мектебінде жетінші класста оқып жүргенде Қайырқұл мектеп жанынан құрылған тауық фермасының меңгерушісі, ал мен орынбасары болып, жәшік-жәшік жұмыртқа мен жүзден аса тауықты шық-шығасын шығармай, сабақ біткенде колхозға тапсырып кеткен едік. Қайырқұл 9-шы, 10-шы классты оқығанда бүкіл республиканы жаңғыртқан мектеп жанынан құрылған «Қызыларай кіші фермасының» жұмысына да белсене араласыпты. Сол мектеп қабырғасында басталған бала көңіл қоғамдық жұмыстарға ынтамыз тереңдей түсіп, мен «НұрОтан», ал Қайрекең «Ақжол» партиясының аудандық филиалында жауапты тапсырмаларды жанталаса атқарып жүргенде үкіметшіл идеяларымыздың тоғыспайтын қарама-қайшылықтарына да тап болғанымыз бар. Балқаштағы семинарға бара жатып, жол үстіндегі бой бермес пікірталастың қызуымен бет жыртысып қалып, Сәкітайдың сауғасына әрең тоқтасақ та бір жыл бойы қол беріп амандасудың орнына алыстан бас изесумен жүрдік. Аудандағы партиялық жүктеме мен қоғамдық қозғалыстың қайшылығынан қиыспас екі достың сиыспас араздыққа түсуі замандастар ортасында біраз әзілге де арқау болған еді. Сөздері өте қысқа, уытты, көздеген жеріне дөп тиіп, күйдіріп түсіретін Қайырқұлдың аудандық мәслихаттың депутаты болып ел аманатын арқалап жүріп әділдік үшін биліктегілерді тура жолдан ауытқымауға шақырған сан мәрте ұсыныстары да жұртшылыққа жұбаныш болған. Ал, аудандық сайлау комиссиясының төрағалығына сенім артылғанда сайлау жүйесіндегі бұрмалаушылықтарға қасарысып табандылық танытуы да турашыл мінезділігі. Тіпті, халық заседательдерінің қатарында жүріп, аудандық соттың міндетін де бірнеше дүркін уақытша атқарып, сондағы тәжірибенің арқасында Ақтоғай аудандық сотының жанынан құрылған Алқабилердің төрағасы болып күні бүгінге дейін қоғамдық жұмыстан қолы босамай жүргендігі жүктелген сенімнің бағасы. Тұтыну қоғамының мойын бұрғызбас шаруасынан халық театрына уақыт тауып қатысып, республикалық байқаудың лауреаты болғандығы өз алдына тарқатылар бір тарау. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де Ардагерлер ансамблінің қатарын толықтырып, ақсақалдықтың өнегесін көрсетуде. Жарты ғасырдан астам уақыт аудандық тұтыну қоғамында жүргізушіден бастап, төраға орынбасарына дейінгі міндеттерді жауапкершілікпен өткерген Қайрекеңнің қызметтік сатыдағы жетістіктері де жетерлік. Таусылмайтын талас, тарқамайтын базар, бітпейтін дау мен бет қаратпас бедел осының бәрі тұтыну қоғамының қазанында үзіліссіз қайнап жататын үйреншікті құбылыс. Сол тұтыну қоғамының генераторы деп бағаланған алпысқа тарта автотранспортты біріктірген автоколоннаны бір қолдан өргізіп, бір ауыз сөзбен ұйытып, аға буын жүргізушілермен де жастармен де ортақ бәтуалы тіл табысып, сыйластықпен 20 жылдай жұмыс жасаған Қайырқұл екендігі жалпақ жұртқа мәлім. Колоннаның ырғақты жұмысы Балқаш пен Қарағандыдан жүк тасу болғанымен сонау Жезқазғаннан дөңгелектің үстімен тауар жеткізудің ауыртпалығын Ақтоғайдан басқа бірде-бір аудан басынан өткерген жоқ. Мекемеден абырой, жұртшылықтан алғыс алып жүрген Қайырқұлды аудандық партия комитеті жаңадан пайдалануға берілген Нан зауытының басшылығына ауыстырды. Ежелден техника жаңалықтарына құштар Қайрекең күніне жеті тонна нан пісіретін жаңа зауыттың технологиялық тәсілдерін тез меңгеріп, ұршықша үйіріп әкетті. Зауыттың тіл үйіретін дәмді нан тағамдары кеңшарларға да транспортпен тасымалданып жеткізіліп, жеті жылдай аудан халқының ортақ игілігіне айналды. Нан зауытының ішінен лимонад шығаратын, макарон өндіретін цехтарды да ашқызды. Осылайша 53 жыл бойы көз тұндырарлық дүниеқұмарлыққа қызықпаған Қайырқұл қызметте абырой арқалап, қанына сіңген қарапайым тұрмысын місе тұтып, сонау 1926 жылы Бірыңғай Тұтыну Қоғамының (ЕПО) негізінде ауыл шаруашылығы кооперативі болып құрылған Ақтоғай аудандық тұтыну қоғамының қасиетті қара жұртынан құрылған «Ақтоғай селолық тұтыну кооперативінің» шырақшысындай болып отыр. «Адам қартайған сайын көңілшек болады»-деген бәтуәлі байламның тасасында «жақсылар жақсымын деп айта алмайды…»-деген күдерін үзгізбейтін үмітті ойдың жататыны айғақ. Қалай болғанда да біріміз марапаттан кенде емеспіз. Екіншіміз атымыз аталғанға да тәуба дейміз. Десек те, кезең- кезеңімен топ жарғандарымызға таңдау түскенде әркімнің қабілеті мен талантын, жетістігі мен атқамінерлігін бағалауға бірінші кезекте басымдық берілетіні даусыз. Алайда, бүкіл қарапайым өмірін тек өзі туған жерінің, атамекен ауылының игілігіне арнаумен қартайған қарапайым ақсақалдарымыздың алдында тұтас бір дәуір немесе бір кезең тұрмағандығын, керісінше олар үшін болжаусыз жылдардың ғана қалғандығын ескеріп, әрқайсының әр салада табан аудармай тер төгіп, сіңірген еңбегін таразыға тартып, лайықты бағасын беруді ұмытпағанымыз абзал.
Тұңғышбай МҰҚАН,
зейнеткер.