«Жас ханзадалар» жарысы

Қазақ сан ғасырлық тәжірибесіне иек арта отырып, «Ел болам десең, бесігіңді түзе» дейді. Шынымен де, бала біткен жас тал секілді. Қалай исең, солай өседі. Бүгінгі бала – ертеңгі ел тізгінін ұстайтын ер азамат. Сол себепті де бала тәрбиесіне атүсті қарау – ұлт болашағына балта шабумен бірдей. Осыны ескере отырып, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев: «Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шақ сыйлау – бұл біздің жалпыұлттық міндетіміз», – деп, табалдырығымыздан аттаған Барыс жылын «Балалар жылы» деп жариялады.

Президент ұйғарымын тұтас ел бірауыздан қош көріп, «Балалар жылын» құр сөз, құрғақ ұран ғана емес, берері мол берекелі жыл болуына барынша атсалысып бағуда. Оған еліміздің әр өңірінде ұйымдастырылып жатқан түрлі шаралар айқын дәлел. Мәселен, күні кеше ауданымыздың оңтүстік өңіріне қоныстанған Шашубай кентінде «Балалар жылы» негізінде 1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай «Ханзада – 2022» байқауы өтті. Мәдениет үйінде ұйымдастырылған шарада кент тұрғындары мен ұстаздар қауымы төбе көрсетті. Негізгі мақсат – жас ұрпақтың бойына ата дәстүрімізді, әдет-ғұрыпымызды сіңіру. Қатысушы балалар өзін-өзі таныстыру, жеті атасын тарату, өз өнерін паш ету, сұраққа жауап және спорттық кезеңдерінде бақ сынады. Ұзақты күнге созылған жарыста балалардың барлығы да жоғары дәрежеде өнер көрсетті. Бірі нақышына келтіріп өлең жолдарын оқыса, енді бірі әуелетіп ән шырқады.

Осылайша байқау өз мәресіне жетіп, жеңімпаздар анықталды. Елмұрат Нұрасыл «Алғыр ханзада» номинациясымен, сондай-ақ, Дамият Нұрасыл «Жігерлі ханзада», Тәңірберген Бағжан «Өнерлі ханзада», Нұрпейіс Танай «Ынталы ханзада» аталымы бойынша үздік деп танылды. Жеңімпаз балалардың сыйлығын мәдениет үйі тағайындаса, өзге қатысушылардың жігерін жанып, ынталандыру үшін кенттік Аналар кеңесі және «Үміт үйі» қоғамдық қорының жетекшісі Жанғабыл Күлекешев спорттық киімдер мен аяқкиімдер тарту етті. Сонымен қатар, байқауда бақ сынаған барлық балаға алғыс хаттар үлестірілді.

Өз тілшімізден.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *