«Жасыл елдің» жемісі

Еліміздегі қоршаған ортаны таза ұстап, қарлығаш қанатымен су тасығаны секілді экологиялық мәселелердің түйінін тарқатуға титтей де болса үлес қосып келе жатқан бірден-бір қоғамдық ұйым, ол – «Жасыл ел» жастар ұйымы. Аталмыш жасақ 2005 жылғы президент Н.Назарбаевтың «Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында» атты дәстүрлі Жолдауы негізінде құрылған көшбасшы ұйым. Міне, сол сәттен бастап бүгінгі күнге дейін дағдысынан жаңылмастан ұйым өз жұмысын жалғастырып келеді.
Жастардың күшімен елімізді көгалдандыру, абаттандыру арқылы студент жастарды еңбекпен қамтамасыз ету және сәйкесінше жастар арасындағы жұмыссыздықты төмендету бағдарламаның басты міндеттерінің бірі.

Ауданымызда да жыл сайын «Жасыл ел» сарбаздары сап түзеп, ала жаздай ауыл-ауылдағы саябақтардың күтіміне атсалысып, жақын маңдағы орман, бақтардың демалыс аумақтарын таза ұстап, көгалдарды суғарып, ағаштарды әктеуді өз міндеттеріне алады. Биыл да жас сарбаздар кезең-кезеңімен ұйым қатарына өтіп, жүктелген міндеттің үдесінен шыға білді. Егер де жаз бойына көше ортасындағы жасыл желек жайқалып, гүл біткен дестеленіп тұрса, сол жастардың еңбегі деп білеміз.
Жуырда «Жасыл ел» XVIII жастар еңбек маусымының облыстық жабылу салтанаты болып өтті. Шара барысында маусым бойы өзінің еңбекқорлығымен көзге түскен жас өскіндер әр аталым бойынша марапатқа ие болды. Ауданымыздан ат арытып барған Шашубай кентінің тұрғыны Қ.Сағатова «Үздік аудандық штаб сарбазы» номинациясына ие болды. Сондайақ, диплом және бағалы сыйлықпен марапатталды. Бұдан бөлек, «Жасыл ел» еңбек жасақтарының сарбаздары арасында «CS-GO» киберспорты бойынша өткен сайыста Ақтоғай ауданының командасы жүлделі ІІ орынға ие болды. Шара соңынан барша қатысушылар естелік суретке түсті.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *