Жат ағым жарға жығады
Сәуір айының 13-ші жұлдызында «Аманат» Қоғамдық бастамалар орталығы» қоғамдық қорының төрағасы, Қарағанды техникалық университетіндегі ҚХА және ӘГП кафедрасының аға оқытушысы Жарқын Тусупбеков және Ақтоғай ауданының ішкі саясат бөлімінің маманы Жанболат Райымбеков Нүркен, Сарытерек ауылдарында болып, тұрғындармен кездесті. Бүгінгі таңда әлемде діни экстремизм мен терроризм мәселелері өзекті саналып отыр. Шырмауықтай шырмалған дүниеден шығу да оңай емес. Ел қауіпсіздігіне қауіп төндіретін жат ағымдарға есікті бекітіп ұстау қажет. Оның кең таралмауының тиімді бір жолы – ақпараттық-насихаттық жұмыстарды кеңірек жүргізу. Әсіресе, жастар арасында. Осы мақсатта өткізілген мәжілістің мәні де өзгеше болды. Дін өкілдері ата-бабамыз ұстанған дәстүрлі дін турасында, интернет желісіндегі деструктивтік топтардың ықпалына түспеудің жолдары жөнінде салиқалы сөз өрбітті. Діни мамандардың парасатты пікірлері тыңдалды. Жастар да өз ойларын жеткізді. Алғашқы болып сөз алған Жарқын Тусупбеков ісшараға қатысушыларға, әсіресе, жас буын өкілдеріне заманның ағымынан қалыс қалмас үшін жан-жақты білімді әрі парасатты болу керектігін атады. – Қазір рухани құндылығымыз бен салт-дәстүрден ажырап барамыз. Қазақтың ырым-тыйымының тәрбиелік мәнін де біле бермейміз. Діни білімсіздіктің салдарынан жат ағымның жетегіне кететіндер көп. Отбасындағы тәрбиеге баса мән берген жөн, – дейді «Аманат» Қоғамдық бастамалар орталығы» қоғамдық қорының төрағасы Ж.Тусупбеков. Сондай-ақ, ауданның ішкі саясат бөлімінің маманы Жанболат Райымбеков радикалды діни ағымдардың таралу қаупінің алдын алу мен дінаралық, конфессияаралық келісімді нығайтудағы басымды бағыттардың бірі – жастардың патриоттық тәрбиесі туралы сөз қозғады. «Дін – ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің» дейді халық даналығы. Әуелгі қателік кейін адамның тағдырына айналуы мүмкін. Қоғамды бүлікке емес, бірлікке бастаушы – ілім. Сондықтан да, жат ағымның жақсылыққа апармайтынын білген жөн.
Думан Амангелдіұлы.