ЖАЗУШЫНЫҢ ЖЕТІ ТОМДЫҒЫ
Елорданың Ұлттық академиялық кітапханасында аталмыш руханият ордасы және Жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қалалық филиалының қолдауымен жазушы-публицист, аудармашы, марқұм Марал Хасеннің жеті томдық таңдамалы еңбектерінің таныстырылымы мен «Қаламгер мұрасы» атты кітап көрмесі өтті. Жеті томдықты жазушының жары Рымбала Смайылова құрастырды.
Марал Хасен өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан бері түрлі басылымдарда еңбектенді. Өмірінің қырық жылын журналистикаға арнады. Еңбек жолын аудандық «Жаңаарқа» және «Новая степь» газеттерінен бастап, облыстық «Жезқазған туы», «Орталық Қазақстан» басылымдарында айқын қолтаңбасын қалдырды. Аудандық «Ақадыр таңы» және «Акадырьская новь» газеттерінің ұйымдастырушысы, алғашқы бас редакторы болды.
Бір ерекше атап өтерлігі, қаламгер тілі өткір көсемсөзші, сауатты саяси шолушы еді. Бірінші томына да өзі еңбектенген басылымдар беттерінде кезінде жарық көрген публицистикалық және түрлі жанрдағы еңбектері енді. Мәселен, 1991 жылдың тамызында Кеңес Одағының күйреуіне әкелген төңкерістің бұрқ ете қалғаны тарихтан белгілі. Бұл туралы «Орталық Қазақстан» газетінің сол кездегі бас редакторы Нұрмахан Оразбектің «Иә, бұл – төңкеріс» деген әйгілі мақаласы да бар. Ал, оның бірінші орынбасары Марал Хасен «Жарық күнде жай түскендей болды» деп жазып, оған үн қосқан еді.
Марал Хасеннің қаламынан «Масанов маса шаққан құрлы көретін емес…», «Ельцин сонда сөйледі, сөйлегенде бүй деді», «Демирель неге ренжіді?», «Буырқанған Буш аптығын басқан ба?», «Болсайшы бәрі Ельциндей елбасының» деген тақырыптарының өзі оқырманды тартатын мақалалар туды.
Ал, кейбір мақалалары күні бүгінге дейін өзектілігін жойған жоқ. Атап айтқанда, «Қос қанаттың бірі бәсең қаққандай» атты материалында автор Қарағанды облысы Нұра ауданындағы қазақ мектептерінің проблемасын толғай келе, қостілділік мәселесін қозғайды.
Журналистердің мәртебесі әлі айқындалмады. Сол себептен оларға әлеуметтік жеңілдіктерге қол жеткізу қиын тиюде. Әсіресе, осы күндері шығып жатқан мемлекеттік бағдарламалар арқылы баспанаға ие бола алмай жүрген талай журналистің зары жоғарыға жетпей жатыр. Осыдан жиырма жыл бұрын «Азия Транзит» журналында жарық көрген «Уайым – қазақ баспасөзінің қалжау халі» атты мақаласында Марал Хасен осы проблемаларды қозғаған еді.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары басты мақсатымыз мемлекетімізді қалыптастыру болғаны баршаға белгілі. Алайда, сол уақыттан бері талай шаруамыз жолға қойылмай, әлі де шатқаяқтап тұр. Марал Хасеннің мақалаларынан азат елдің мақсат- мұраттары, мүдделері мен армандары анық көрінеді.
Очерк – осы күнгі журналистикадағы жоғалған жанрдың бірі. Марал Хасен осы жанрда да біраз қалам тербеген. Бұл мақалалары тілінің шұрайлылығымен, көркем бейнелілігімен оқырмандарды тарта түседі.
Қаламгердің Болгария, Франция, Израильге барған сапарларынан жазылған жолжазбалары да қызықты оқылады. Осы мақалаларды оқып, бұл мемлекеттер туралы талай нәрсені білуге болады.
Сұхбаттарына келсек, «екінші ұстаз» атанған Әбу Насыр әл-Фарабиді қазаққа танытқан Ақжан Машанимен әңгімесінің құны осы күндері де өте жоғары. Сондай-ақ, Алаш алыптарының сарқытындай болған Жайық Бектұровпен сұхбатының негізінде жазған «Тозақтан да қасқайып тұрып тік өткен» мақаласының танымдық сипаты да терең.
Қаламгердің қазір көбісінің көзіне байқалмай, айтылмай жүрген қыры – жазушылығы. Иә, журналистиканың қара жұмысына жегілмегенде, публицистикаға көп уақытын арнамай, прозаға түбегейлі бет бұрғанында, қазір аты белгілі жазушылардың қатарында аталып жүрер ме еді?! Ертеден, жиырма жастың о жақ, бұ жағынан әдебиетке құштар болып, талпыныс жасады. 1966 жылы жазылған «Шілдехана», «Шыршаның шырғалаңы», «Ортақол қазақ» сынды әңгімелері анау-мынау әдеби шығармалардан еш кем түспейді.
Сатира да – әдебиеттің бір жанры. Осыдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын «Ара» журналы ұйымдастырған бәйгеден Марал Хасеннің «Қисса әл қазағия» атты әңгімесі озып шықты. Сол кезде сатира сардары Оспанхан Әубәкіровтің батасын алған.
Марал Хасен өмірінің кейінгі жылдары әдеби аудармамен айналысты. Жиыр-маға тарта Нобель сыйлығының лауреаттарының шығармаларын, оның сыртында әлемге әйгілі қаламгерлердің туындыларын қа-зақшалады. Осының бәрін жеті томдығынан оқуға болады.
Қаламгер қазақ және орыс тілдеріне жүйрік еді. Орысшадан қазақшаға, қазақшадан орысшаға шебер аударатын еді. Жеті томдығы соған көз жеткізеді. Оның жарық көруіне жары Рымбала Смайылованың еңбегі зор. Соның бәрін жинақтап, көз майын тауыса компьютерге теріп, оқырмандарға ұсынды. Жалпы, қаламгердің өмірден озғанына алты жылға жуықтаса, содан бері мұрасының жаңғырып, насихатталуына жарының үлесі мол. Рымбала апай Ұлттық академиялық кітапхана ішінен Марал Хасен шығармашылығына арналған бұрыштың ашылуына да мұрындық болды.
Жазушылар одағының хатшысы, осы ұйымның Нұр-Сұлтан қалалық филиалының директоры, ақын Дәулеткерей Кәпұлы жүргізген жеті томдықтың таныстырылымында белгілі ғалым, жазушы, филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбай қаламгер жарының еңбегін атап өтіп, кітапты қадірлеу төңірегінде ойын өрбітті. Марал Хасеннің шәкірті, ардагер журналист, Журналистер одағының Қарағанды облыстық филиалы төрағасының орынбасары Әли Тойжігітов ұстазының жарқын бейнесін еске алып, аталмыш филиал атынан жарына сый-сияпат жасады. Заңгер- ғалым Болат Сыздық, медиамаман Мейрамхан Жәпек, қаламгердің достары, «Орталық Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі, ақын Жәлел Шалқар қаламгердің еңбегі туралы әңгімеледі. Қарағанды облысының Тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың бөлім басшысы Әсет Аманжолов аталмыш басқарма атынан құрмет көрсетті.
Марал Хасеннің бір қыры әншілігі еді. Қаламгердің бауыры, Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушысы Сырым Мұхамеджанов ағасы сүйіп шырқаған «Ақылбайдың әнін» салды. Жазушының немересі Айя Марал атасы жақсы көрген «Япурай» әнін гитарамен шертіп, жиналғандарды тәнті етті. Қарағандыдан қаламгердің жарының шашбауын көтеріп, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан ұйымдастырылған «Ақ ниет» ансамблінің жетекшісі Күліш Төлеуханқызы С.Сейфуллиннің «Ақ-қудың айырылуы» поэмасынан Рымбала апайға арнап үзінді оқып, Рымбала апайға арнады. Ал, ансамбль мүшелері әнмен шашу шашты. Таныстырылымды Рымбала Смайылова түйіндеп, жиналғандарға алғыс айтты.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ.