Жазықсыз жаза тартқан жұрт

Қазақ халқының даму тарихының елеулі кезеңінің бірі болған саяси қуғынсүргін кезеңін кейінгі ұрпаққа бүкпесіз, бояусыз шынайы түрде жеткізіп, өмірде кедір-бұдырсыз, теп-тегіс болмайтынын нақты мысалдармен өлке тарихына ұсынып, оны толықтыра түсу – ғалымдардың, өлкетанушылардың, аға буын өкілдерінің міндеті. Десек те, тағы бір жолы – көзбен көргенді, архив деректері арқылы баяндау

Еліміздің тәуелсіздікке қол жеткізуі арқасында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 1997 жылды жалпыұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы болып белгілеуімен қуғын-сүргінге ұшыраған есімдерді анықтауға жол ашылды. Сол зұлматқа ұшырағандардың ұрпақтары іздестіру жұмысына белсене араласты. Осы орайда, аудандық архив қорында сақталған видео қор деректеріне жүгіне отырып, зұлматқа ұшырағандардың ұрпақтарының сөздерін қағаз бетіне түсіре отырғанды жөн көрдік.

Нәубет құрбаны Әбдіғаппар Әзімбайдың баласы Әзімбаев Мағмұр ақсақал: «Біз бодан болдық. Өз байлығымызды өзіміз басқара алмадық. Ел үшін күреске түскендерді «халық жауы» деп атып, асып, қуғын-сүргінге ұшыратты. Осылайша, халықты бас көтертпейтіндей мәңгүртке айналдырды. Өздеріңіз білесіздер, менің әкем – шала сауатты адам болған. Ешуақытта Американы, Жапоняны білмеген. Тергеп, тексерусіз, ашық сотсыз «Жапонияның тыңшысы» деген жаламен жазықсыз жазаланып кетті. Бұл тек менің басымнан ғана өткен жоқ. Қаншама жазықсыз жандар жазаланды» дейді өз сөзінде.

Қуғын-сүргін құбанының ұрпағы Өкімбаева Риза апай өз естелігінде Менің әкем Сарытеректе туып-өскен. Қарқаралыда оқығанда Нұрмақов, Игенсартов, Ғатаулин (есімдері айтылмаған) деген елге белгілі кісілермен бірге оқыған екен. Оқу бітіріп келісімен сельсоветтік қызметке қойған. Сол кезде «халық жауы» деген жаламен ұстап алып кетіпті. Содан 2 қыз, 2 ұл бала қалдық. Содан әкемді әкеп қамаған уақытта шешем Сарытеректен келіп қымыз әкеледі екен. Сол қымыздың ыдысының бауына білдірмей жазып хабар алысып тұрған. Сол хабар алысу арқылы балаларымды маған әкеліп көрсетші дегенде шешем бізді апарып көрсетеді екен. Ақыры әкемді әкететін уақытта үлкен шешем келіпті. Сол келгеннен үлкен шешем Тобықтының қызы, адуынды адам еді, милицияларды итеріп-итеріп жіберіп, «жалғызым кетіп барасың-ау» деп, арбаның үстіне секіріп шығып, тілдесіп үлгерген екен. Сонда: «апа мені Жапонияға қатысың бар деп, саусақтарыма ине тығып, көрсетпегені жоқ. Мен енді сізге жоқпын, төрт Өкімбайыңды тәрбиелеп жеткіз деп,- аманат етіпті. Кейін әкемдізді іздегенімізде Жаңарқа, Ақтоғай, Шет ауданының зиялыларын атып бір жерге көміп, ағаш егіп орманға айналдырып жіберген. Бір белгі қалмаған деген қағаз келді», — дейді.

Әдебиеттанушы, жазушы, Елдос Тоқтарбай: «Бір ғана Қарағанды облысының Ақтоғай ауданынан 231 адам репрессияға ұшыраған болатұғын. Олардың барлық жазығы Алаш арысы Әлихан Бөкейханмен байланыста болған екен. Алаш арысы Әлиханның төре тұқымдары жатқан зираттың төбесіне кейіннен НКВД- ның ғимараты салынған. Қазір ол жерде сол ауданнан қайтыс болған азаматтардың тізімі жазылған ескерткіш тақта орнатылған. Сол тізімдегі 231 адамның ішінен 36 адам ату жазасына кесілген. Оның ішінде Әлихан Бөкейхан да бар»,-дейді. Қуғын-сүргін құрбандары жайлы деректер Кеңес үкіметі тұсында құпия түрде сақталғандықтан, әзірше қолда бар нақты дерек ел аузынан естіген азғантай дерек қана.

Өткенге зер салсақ, қазақ халқы бірнеше кезеңнен тұратын геноцидті бастан өткергенін анық аңғарамыз. Әуел баста, Патша үкіметі қазақ халқының басқару жүйесі болған хандық билікті жойды. Хандық билік жойылса, қазақ халқына қандай нәубеттің төнетінін көре білген Кенесары хан өмірінің соңына дейін халқына араша түсе жүріп, күресіп өтті. Осыдан кейінгі кезеңді ұлы ақын Абай өлең жолдарында былайша суреттейді:

Қалың елім, қазағым қайран жұртым,

Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.

Жақсы менен жаманды айырмадың,

 Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың.

 Бет бергенде шырайың сондай жақсы,

Қайдан ғана бұзылды сартша сыртың?

Ұқпайсың өз сөзіңнен басқа сөзді,

Аузыңмен орақ орған өңкей қыртың.

 Өзімдікі дей алмай өз малыңды,

Күндіз күлкің бұзылды, түнде-ұйқың.

 Көрсеқызар келеді, байлауы жоқ,

Бір күн тыртың етеді, бір күн – бұртың.

 Бас-басына би болған, өңкей қиқым,

Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын?

Өздеріңді түзелер дей алмаймын,

Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың.

Абай заманынан кейінгі кезеңге келсек, 1929 жылы байлардың малын тәркілеу, 1931-1933 жылдардағы қолдан ұйымдастырылған ашаршылық, 1937-1938 жылдардағы қуғын-сүргін құрбандары. Айта берсек, толып жатыр. Осындай саясаттың түпкілікті мақсаты – халықты толықтай отар елге айналдыру еді. Отарлық дегеніміз – құлдық. Ал, құлдық бұл бір жылда жүзеге асатын дүние емес. Оны жоғарыда айтып өткеніміздей түрлі кезең-кезеңмен жүзеге асырылғанын көзіміз көріп отыр. Мәселен, сол заманның байлардың өкілдері өз қарамағындағы ауыл адамдарының барлық тіршілгін өз мойнына алған атымтай жомарт азаматтары еді. Осының арқасында қазақта құл иеленушілік, тақыр кедей деген жоқтың қасы еді. Кеңес Үкіметі қоғамды екі тапқа бөліп, кеше  ғана айрандай ұйып отырған халықтың арасына іріткі салып, малын тартып алды. Осыдан кейін жоғарыда айтып өткен қолдан ұйымдастырылған ашаршылық орын алды. Халқына араша түсіп, отан үшін отқа түскен арыстай азаматтарды қуғын-сүргінге ұшыратты. Осы орайда, ақын Серік Ақсұңқарұлының мынадай өлең жолдары ойға оралады:

«Қазақ деген – Кенесары,

Денесі бар, басы жоқ.»

Яғни, осы өлең жолында айтқандай бас көтеретін текті азаматтардан, көшбасшыларымыздан айырылып қалдық. Осылайша, ұзақ жылдар бойы Кеңес Үкіметінің толықтай отар еліне айналдық.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар», «Ұлы даланың Жеті қыры» атты бағдарламалық мақалалары отарсызданудың алғышарты деп түсінуіміз керек. Отарсыздану бұл – бір жылда жүзеге асатын дүние емес. Бізді қалай ұзақ жылдар бойы отарлады, тура солай отарсыздану ісқимылдарын жүргізуіміз керек. Өйткені, санамыз тәуелсіз болмаса, толық тәуелсіз ел болуымыз неғайбыл. Елбасымыз жоғарыда аталған мақалаларды кешегі Жастар жылының ашылуы барысында жастарға түсініп оқуды атап тапсыруы тегіннен-тегін емес. Егер әрбір адамның бойында нағыз қазақтың қаны ағып жатса, рухы асқақ болып, өз тілін, өз ұлтын құрмет тұтса, ешқашан пара алмайды, ешқашан елін сатпайды, ешқашан ұлттың мүддесін сатпайды және отбасын тастап кетпейді. Яғни, алмайтын қамалы болмайды. Осындай ұлтты қалыптастыра білсек, келешегіміз кемел, тәуелсіздігіміз баянды болары анық, ағайын!

Қ. Жолдасов,

 «Ақтоғай ауданының мемлекеттік архиві» КММ-нің басшысы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *