Жемқорлық – індет, жою – міндет
Қазір халық «парамен ұсталды» деген ақпарат-қа селт етпейтін болды. Жемқорларды құрықтай-тын қызметкерлердің өздері кейде парамен ұсталып жатады. Қоғамда бұл кеселмен күрес шараларына сенімсіздік қалыптасқаны рас. Тамырын тереңге таратқан жемқорлықты жою үшін батыл қадамдар қажет деп есептейді жұртшылық.
Иә, жемқорлықпен күрес шаралары жүйелі жалғасып жатыр деп ұрандатқанымен, көлеңкелі қылмысқа жол берушілердің саны азаймай тұр. Соның ішінде, жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын және мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген азаматтардың қызметтік өкілеттіктерін теріс және заңсыз пайда-лану, кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласу, кедергі жасау, пара алу, пара беру, парақорлыққа делдал болу, қызметтік жалғандық, жеке және заңды тұлғалардың заңсыз материалдық сыйақы беру сынды сыбайлас жемқорлық деректері әлі де ел аумағында белең алып отыр. Мемлекет бюджетін мақсатсыз пайда-лану, қызмет бабын жеке бас пайдасына жарату, жұмысқа қабылдау барысында белгілі бір қаражат мөлшерін талап ету, тексеріс мекемелерінің келуіне орай қаржы жинау секілді сыбайлас жемқорлық тәуекелдері де қазір қоғамда жиі ұшырасып келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресу мемлекеттік саясаттағы негізгі басым-дықтың бірі екенін жиі еске салады. Оның пікірінше, заң үстемдігін орнатып, нағыз құқықтық мемлекет құру үшін, ең алдымен, жемқорлықтың тамырына балта шабу керек.
Қазақстан – ТМД елдерінің ішіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы арнайы заң қабылдаған алғашқы мемлекет. Сыбайлас жемқорлық қылмыстары сияқты қоғамға қауіпті іс-әрекеттер мемлекетіміздің басқару жүйесін тұншықтырып, өзге маңызды салалардың дамуына нұқсан келтіріп отырғаны рас. Шын мәнінде, адал қызмет атқаратын мемлекеттік органдардың арқасында ғана еліміздің экономи-калық дамуы тұрақты болатыны анық. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті әркім өз отбасынан бастау керек. Мемлекеттік қызмет-шілердің пара алғанына таңданамыз-ау. Кейде өзіміз де ұсақ та болсын жымысқы әрекеттерге жол беретініміз жасырын емес. Жол ережесін бұзып, жол патрульдік қызметкері тоқтатса: «Асығып бара жатыр едік» деп ақталамыз. Баламыз жақсы мектепке қабылдану үшін таныс директорларды іздейміз. Ауылдасың немесе руласың үлкен қызметке тағайын-далса, «бір көмегі тиер» деп балаша мәз боламыз. Халыққа қызмет көрсету орталығындағы кезектен құтылу үшін айла тапқың келіп тұрады. Осы сияқты ұсақ дүниелер сыбайлас жемқорлыққа апаратын жол болып саналады.
Ел азаматтарының қолдауы мен белсенділігі, ашықтығы мен оперативтілігі айрықша маңызға ие. Анығында, «Жемқорлыққа қарсымыз!» деген ортақ ұран көптің көкейінде көлкіп тұрғанымен, іске келгенде қоғам індетіне қарсы тұру жалқының жұмысы, ардың ісі болып саналады. Сондықтан, қандай да бір сыбайлас жемқорлық көріністеріне куә болған азаматтың әлеуметтік індетке көз жұма қарамауы, белсенді әрекет ете білуі – еліміздің ертеңі үшін жасалған ерен ерлікпен және елеулі еңбекпен пара-пар.
Л.Рысмағанбетова,
аудандық қазынашылық басқармасының бас маман – бас қазынашысы.