Жерлесіміз «Алтын дәрігер» атанды
Денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі мен ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін жерлесіміз Сәттар Маратұлы Ұлттық Медициналық Ассоциациясының «Алтын дәрігер» медалімен марапатталды.
«Еңбексүйгіш елдің еңсесі биік» дейді халық даналығы. Бұл тұрғыдан келгенде біліктілік пен шыдамдылықты қатар талап ететін жауапты мамандық иелерінің бәсі, жоғары. Әсіресе, медицина – жүгі ауыр салалардың бірі. Оның ерекшелігі сол, дәрігердің жұмыс барысында ешқашан қателесуіне болмайды. Сондықтан олар ұдайы тәжірибелік білімін жетілдіріп, ізденіс үстінде болады. «Денсаулық – басты байлық» ұстанымын жүрегіне бекітіп, емдеу саласында жемісті еңбек етіп келе жатқан Сәттар Әбдіғұлов антына адал, абыройлы жан десек артық айтқандық емес. Ел үшін ерінбей еңбек етіп, өзіне де, еліне де зор пайдасын тигізген ақ халатты абзал жан – жастарға үлгі етуге әбден лайықты. Күні кеше осынау медицина мамандығының майталманы С.Маратұлының «Алтын дәрігер» медальімен марапаталуы, еселі еңбегінің ескерілуі елі үшін үлкен қуаныш болды. Азаматтың жеңісі, шыққан биігі елдің мерейі.
–Мен үшін «ақ халатты абзал жан» деген елдің құрметті атағы ең биік һәм қасиетті ұғым болып саналады. Бүкіл әлемді жайлаған індет біздің елден де айналып өтпеді. Дегенмен келген қиындықты қайыспай көтеріп, біліктілігіміз бен ауызбершілігіміздің арқасында бәрін жеңеміз. Қызмет барысындағы қиындықтар мен шаршағанамыз халық денсаулығының жанында түк те емес, – дейді С.Маратұлы.
Думан ҚАБЫЛ