Жерлестеріміз топ жарды
Еліміздегі енді ғана дамып, өрісін кеңейтіп келе жатқан инновациялық саланың бірі – робототехника. «Ой жеткен жерге қол жетеді». Мәселен, бір кездері жұмыр басты пенденің түсі түгілі, ойына да келмеген, бүгінгі таңда күнделікті қолданысқа дендеп енген тұрмыстық және өзге де техникалар адам қиялының жемісі. Робототехника технократтық заманның әліппесі. Сол себепті де бұл салаға баса мән беріліп келеді.
Аталмыш саланың қолжетімділігін арттыру мақсатында кейінгі жылдары еліміздің барлық өңіріндегі мектептерде қосымша робототехника сыныптары ашылып, техника құрастырудан таласы бар оқушыларды баулып жатыр. Ауданымыздың бірқатар білім ордасында робототехника сыныбы жұмыс жасап тұр. Жуырда ғана осынау саланың табалдырығынан енді аттаған оқушылар халықаралық байқауға барып, бақ сынасып қайтты.
Қарашаның 4-5-і күндері аралығында Қарағанды қаласының «Жастар» кешенінде «ROBOLAND-2022» XVII халықаралық робототехника, бағдарлау және инновациялық технологиялар фестивалі болып өтті. Байрақты бәсекеге 16 жекелеген бағыттар бойынша 300-ге жуық команда, бас-аяғы 700-ге тарта оқушы қатысты. Бұл – жас дарындардың арасында тәжірибе алмастырып, білім көкжиегінің кеңеюіне үлкен үлес қосатын сындарлы бастама.
Roboland – робототехника бағытында білім берудің еліміздегі алғашқы және ірі жобасы. Оқушылардың білімін ұштайтын осынау халықаралық дәрежедегі фестивальге сол тұста Қарағанды облысы білім басқармасының басшысы қызметін атқарған, қазір оқу-ағарту министрі А.Аймағанбетов бастамашы болды.
Алғашқы «Roboland» додасы 2015 жылы, тек бес аталым бойынша өтті. Оған 30 команда қатысып, 70-ге жетеқабыл оқушы бәсекеге түсті. Ал, келесі жылы фестиваль халықаралық деңгейде өтті. Дүбірлі додаға Ресейден, Сербиядан және еліміздің 12 аймағынан келген 200 команданың басы бір арнада тоғысты. 2018 жылы іс-шараның өрісі кеңейіп, «Робототехника, бағдарламалау және инновациялық технологиялар фестивалі» деген ресми атауға ие болды.
Биыл аталмыш фестиваль Қазақстан мен шетелдің жас инженерлері мен конструкторларының тәжірибе алмасу алаңына айналды. Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей және Грециядан келген қатысушылар ұзын саны 16 аталым бойынша әзірлеп әкелген өз жобаларын көрермен қауымның назарына ұсынды.
Байрақты бәсекеге ауданымыздың намысын арқалап 3 команда Кеншілер шәріне барып қайтты. Және құр қайтқан жоқ, олжамен оралды. Жарыстың бірінші күні М.Есімбек жетекшілік ететін «Қосымша білім беру орталығы» робототехника сыныбының «Teach team» командасы, І.Нұрлан мен Н.Сайлаукен «Кегельринг квадро Х2» номинациясы бойынша сайысқа түсті. Ал, 5 қараша К.Байсейітова мектебінің «Smart» командасы Н.Нұрлан мен А.Тәбәрәк «Робогеометрия» аталымына қатысып, дайындаған жобалары үздік деп танылып, жүлделі І орынды иеленді. Жеңімпаздардың жетекшісі – Ұ.Егімбаев. Сондай-ақ, Ж.Кеңесбаев мектебінің Е.Төкен бастаған «M&B» командасы М.Төлеутай мен Е.Бекболат «Шығармашылық роботтар» аталымында бақтарын сынға салды.
Е.Темірханұлы.