Жолдау – жаңа белестерге бастайды

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауы елдің алдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттарына арналды.

Жолдауда айтылған экономиканы барынша әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібі өнімінің экспортын арттыру,  жер асты байлықтарының  ресурстық әлеуетін толық ашу, тағы да басқа нақты қадамдар ел дамуына жаңа мүмкіндіктер әкелетіні сөзсіз. Агроөнеркәсіп кешенінде қордаланған проблемалар өз алдына бір төбе. Бұл орайда, ел Президенті әкімдердің  мал шаруашылығын жайылыммен қамтамасыз ету, ветеринария саласын дамыту, қолайсыз ауа-райының болуы мүмкін  зардаптарының алдын алу, ауыл шаруашылығы нарығында баға белгілеу, аграрлық саясаттағы сабақтастықты жолға қою мәселелеріне тоқталып, нақты тапсырмалар берді.

Еліміздің басты байлығы-адам. Сондықтан, Жолдауда ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеу қажеттігі баса айтылды. Осы ретте, денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру, биологиялық қауіпсіздік жүйесін құруға да ерекше көңіл бөлінді.

Білім және ғылым саласының адами капиталды дамытудағы орны қоғамға жақсы белгілі. Соңғы жылдары Мемлекет басшысының тікелей  қолдауымен бұл салаларда өршіл бастамалар қолға алынып, осының арқасында баршамыз бұрын-соңды болмаған  сапалық өзгерістерге куә болудамыз. Осынау үрдісті жалғастыру аясында алдағы 3 жылда ұстаздардың еңбек ақысын өсіруге 1,2 триллион теңге бөлінетіні барша зиялы қауымның көңіліне қуаныш ұялатты десек, артық айтпаймыз.

Жолдау осындай көптің көңілінен шыққан білім бағдарламаларын тез өзгермелі заман талабымен үндестіру, оқытушы-педагогтердің кәсіби біліктілігін әр бес жыл сайын емес, енді 3 жыл сайын көтеру, оқушылар арасындағы ғылыми жобалар конкурстары мен олимпиада жеңімпаздарын тәрбиелеген педагогтерді марапаттау сияқты бастамаларға толы. Жолдауда айтылған жетекші ғалымдардың жалақысын базалық қаржыландыру арқылы төлеу, ғылыми ұйымдарды тікелей қаржыландыру, гранттық қаржыландыру бойынша ұтып алынған жобаларды орындау мерзімін 5 жылға ұзарту.

Ел  Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздің сындарлы кезеңдегі әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттары егжей-тегжейлі сараланып, оларға қол жеткізудің жаңа мазмұнды жолдары көрсетілген. Сын-тегеуріндерден әрдайым бір адым алға жүру қағидатына негізделген Жолдау елімізді өркениет өрісінің  жаңа белестеріне бастамақ.

С.Қалыбеков, аудандық ветеринариялық станцияның басшысы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *