Жолдаудан туындаған міндеттер талқыланды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына арнаған тұңғыш Жолдауын талқылау және айқындалған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында аудан әкімі Салтанат Әбеуованың төрағалығымен актив жиыны өтті.

Жиынға аудандық мәслихат хатшысы Р.Әбеуов, аудан әкімінің орынбасарлары, мекеме, бөлім басшылары, қоғамдық ұйым өкілдері және кент, ауылдық округ әкімдері ZOOM платформасы арқылы қатысты.

Актив жиынын ашқан аудан әкімі С.Әбеуова Жолдауда ел өміріндегі түйткілді мәселелердің түрлі шешімдері көрініс тапқанын атап өтті. Сонымен бірге, Президент Үкіметке, салалық министрліктерге, әкімдерге және жауапты тұлғаларға ел экономикасын серпінді дамыту бойынша зор міндеттер жүктегеніне тоқталды.

–Президент өз Жолдауында ауыл шаруашылығы, тіл мәселесі, еңбекақы тәрізді халықтың көкейінде жүрген көптеген мәселелерді көтерді. Қ.Тоқаев пандемиядан кейінгі кезеңдегі елді одан әрі дамытуға, денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға, сапалы біліммен қамтуға, өңірлік саясатты жетілдіруге, еңбек нарығында тиімді экожүйе құруға, саяси жаңғыруға, адам құқығын қорғау мен ұлтты ұйыстыруға бағытталған бастамаларын жариялады,- деген аудан басшысы мемлекет басшысы Жолдауындағы қазақстандықтардың әл-ауқатын арттырудағы негізгі 5 бастаманы атап өтті.

Алдағы уақытта жүзеге асырылатын басым бағыттар кеңінен талқыланған басқосуда аудан әкімі бірқатар басшыларға нақты тапсырма берді. Жаңа жұмыс орындарын ашу және халықты лайықты жалақымен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар тұрақты қадағалауда болатынын жеткізді.

 

Думан ҚАБЫЛ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *