Жыл ауысты. Тағы бір жыл тарих қойнауына енді. Өткен сиыр жылы ауданымыз үшін айтулы оқиғаларға толы болғаны белгілі. 2021 жыл қандай маңызды оқиғаларымен елдің жадында қалды?

2021 жылы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толуына орай аймақ көлемінде ауқымды шаралар орын алды. Шабанбай би ауылында Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның 155 жылдығы, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында «Әлихан Бөкейхан және қазіргі Қазақстан» атты ғылыми конференция ұйымдастырылды. Конференция аясында «Әлихан – Алаш Ақсораңы» кітабының тұсауы кесіліп, Әлекеңнің ескерткіш-мүсіні ашылды. Ал, ардагер ұстаз, өлкетанушы Торғай Ақпанбаеваның жарық көрген «Желтоқсан – ерлік тарихымыз» атты кітабы ерліктің шынайы үлгісін қалыптастырған ерлерімізге деген құрмет. Ақтоғай ауданының өсіп-өркендеуіне айрықша үлес қосқан аға-апаларымыздың құрметіне аудан басындағы орталық демалу саябағы ішінде «Тұғыры биік тұлғалар» атты Даңқ галереясы ашылды. Ортадересін ауылдық округі әкімдігі ғимараты жөндеуден өтсе, Ақтас ауылындағы клуб үйі пайдалануға берілді.

Қазақ музыка өнерінің көрнекті өкілі Манарбек Ержановтың туғанына 120 жыл толуына орай «Сайра, бұлбұл!» атты шығармашылық фестивалі өтті.

Денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі мен ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін жерлесіміз Сәттар Маратұлы Ұлттық Медициналық Ассоциациясының «Алтын дәрігер» медалімен марапатталса, ҚР Еңбек сіңірген қайраткерлері А.Жұмашев, К.Нұрлановқа және дзюдо, самбо және қазақша күрестен Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Р.Кенжебековке «Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді. Сарышаған кентіндегі 3 ықшамауданындағы көпқабатты 4,6,10,12 үй аулаларында және Балқаш көшесінде жалпы 6 балалар ойыны алаңы салынса, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында аталмыш кенттің Тәуелсіздік, Ынтымақ және Достық көшелерінің жолдары асфальтталды.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «Үздік ауыл әкімі» республикалық байқауында жүзден жүйрік шыққан Тасарал ауылының әкімі Нұржан Сеитов «Үздік шаруашыл әкім» аталымын жеңіп алды.

Қызыларай ауылында, Сарышаған кентінде әуесқой спортшыларға арналған «Street Workout» алаңы пайдалануға берілді.

Иә, мәдениет, спорт салаларында ауыз толтырып айтар жетістіктеріміз де жетерлік. Аудандық өнер мектебінің шәкірттері республикалық, халықаралық ән бәйгелерінде өнерлі өңір мерейін үстем етсе, Біріккен Араб әмірлігінің Дубай қаласында өткен былғары қолғап бәсекесінде жерлесіміз Ермек Ерасылұлы Азия чемпионы атанды.

Ал, енді, табалдырығымызды аттаған барыс жылына ойыссақ. Барыс күш-қуат символы! Қазақ халқының күнтізбелік білімінде «барыс жылы» өзгерістер алдындағы жайлы, тыныштық жылы болады деп күтілген. Бұл жыл алғырлықты, бастаған ісін аяғына дейін жеткізетін мол жауапкершілікті, алға қойған мақсат-міндеттердің орындалуын талап етеді. Олай болса, келе жатқан жыл берекемізді арттырсын. Өткен жылғы болған барлық оқиғаларға салауат айтып, баршамыз Жаңа жылдан жақсылық күтейік.

Жаңа жылдың берер сыйы көп болсын!
Думан ҚАБЫЛ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *